Бангладеш билігі экс-премьер-министрдің банктегі жеке сейфінен 10 кг алтын тәркіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Бангладештің жемқорлыққа қарсы органдары бұрынғы премьер-министр Шейх Хасинаға тиесілі банк ұяшығынан шамамен 10 килограмм алтынды тәркілеп алды. Оның жалпы құны 1,3 миллион доллар шамасында бағаланып отыр.

Бангладеш билігі экс-премьер-министрдің банктегі жеке сейфінен 10 кг алтын тәркіледі
Фото: Pexels

Ұлттық салық кеңесінің Орталық барлау бөлімі өкілдерінің мәлімдеуінше, алтын қыркүйекте тәркіленген банктік сейфтерді ашқаннан кейін табылған.

— Сот шешімі бойынша сейфтерді ашып, бұрынғы премьер-министрге тиесілі шамамен 9,7 килограмм алтын табылды, — деп хабарлады AFP агенттігіне аты-жөнін жариялауды қаламаған CIC жоғары лауазымды қызметкері.

Тәркіленген заттардың ішінде алтын монеталар, құймалар және әшекей бұйымдар бар.

Тергеушілердің айтуынша, Хасина билік басында болған кезінде алған кейбір сыйлықтарын заң талап еткендей мемлекеттік қорға өткізбеген.

Бангладеш билігі экс-премьер-министрдің банктегі жеке сейфінен 10 кг алтын тәркіледі
Фото: Oxu.az

Ұлттық салық кеңесі сондай-ақ салықтан жалтару деректерін тексеріп, тәркіленген алтын Хасинаның салық декларацияларында көрсетілген-көрсетілмегенін анықтап жатыр.

Айта кетейік, осы айдың басында Халықаралық қылмыстық трибунал Хасинаны студенттер көтерілісін күшпен басқан қылмысы үшін өлім жазасына кескен болатын. БҰҰ дерегі бойынша, Хасина билікті сақтап қалуға тырысқан кездегі оқиғадан 1 400 адамға дейін қаза тапқан.

Соңғы жаңалықтар