Банк омбудсмені: Шағымдардың 95%-ы — тұтынушылық кредитке қатысты
АСТАНА. Kazinform — Банк омбудсмендерінің құзыреті кеңейтілгелі бері тіркелген шағымдардың көпшілігі тұтынушылық кредиттерге қатысты. Бұл туралы омбудсмен Дархан Нұрпейісов айтты.

— Статистикаға үңілсек, 2024 жылғы 23 желтоқсаннан 2025 жылғы 20 қаңтарға дейін 18 жұмыс күнінің ішінде 960 өтініш түсіп, оның 550-і тіркелді. Оның 95 пайызы тұтынушылық несиелерден туындаған келіспеушіліктерге байланысты. Жаңа жылға дейін шағымдар көп болмады, негізінен 6 қаңтардан бастап түсе бастады. Осы қысқа мерзімде осынша адам хабарласып отыр. Енді бір ай ішінде біз бұл шағымдарды қарап, шешім шығаруымыз керек, — деді ол ОКҚ алаңында.
Спикердің айтуынша, тіркелген 550 шағымның біразы әлі жұмысқа алынбаған.
— Заңға сәйкес омбудсменге жүгінер алдында қарыз алушы банкке баруға міндетті. Яғни банкке немесе коллекторлық агенттікке барғанын дәлелдейтін құжаттары болуы тиіс. Шағымданғандардың көбінде ондай дәлелдер болмады. Сондықтан біз оларға кеңес беріп, банк немесе коллекторлық ұйымға қайтадан жібердік. «Солармен кездесіп, өз ұсыныстарыңызды беріңіз, содан кейін банк омбудсманына келуге құқыңыз бар» дедік, — дейді Дархан Нұрпейісов.
Еске салсақ, бұрын банк омбудсменінің өкілеттігі тек ипотекалық қарыздар, яғни кепілмен қамтамасыз етілген банктік қарыздар бойынша келіспеушіліктерді шешумен шектелді. 2024 жылғы 21 желтоқсаннан бастап құзыреті кеңейтіліп, банктік қарыздардың барлық түрлері бойынша шағымдарды қарайтын болды.
Айта кетейік, бұған дейін омбудсман кредитін өтей алмайтын жағдайға тап болған адам не істеуі керегін айтқан болатын.