Банкроттық туралы заң жобасын қабылдауға асығудың қажеті жоқ

Отырыста ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов Елбасының банкроттық және оңалту саласындағы қолданыстағы заңнаманы қайта қарау қажеттігіне назар аударғандығын еске салды.
«Бүгінде қолданыстағы заңнама шығынды кәсіпорындарды жедел жабуға мүмкіндік бермейді. Негізгі себеп - субъектіні банкрот деп тану үшін оның дәрменсіздігін анықтауға мүмкіндік беретін айқын ұғымдардың болмауы. Тиісті заң жобасы қазіргі уақытта әзірленіп, Парламенттің қарауына енгізілді. Қаржы министрлігі заң жобасын Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын және депутаттардың ескертулерін ескере отырып, қысқа мерзімде пысықтайтын болады», - деп атап өтті министр.
Осы орайда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Банкроттық туралы заң жобасы бойынша асығудың қажеті жоқ екендігін ескертті.
«Өйткені, Елбасының тапсырмасы бар. Қазір бүкіл өңірді аралап, ондай кәсіпорындарға сараптама жасап шығуымыз керек. Содан кейін шешім қабылдау қажет. Банктермен, Ұлттық банкпен, кәсіпкерлермен ақылдасып алуымыз керек. Ал енді заң жобасы Парламентте жатыр, тезірек өткізіп жіберейік дейтін болсақ, соңында одан бізге ешқандай пайда болмайды», - деді Премьер-Министр.
Ал Қаржы министрі Заң жобасы жан-жақты қаралатындығына сендірді.