Банктерге қолдау көрсету тоқтатылады — депутат жаңа заң жобасы жайлы
АСТАНА. KAZINFORM — «Jibek Joly» арнасының мобильді студиясында Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев «Банк қызметі» туралы жаңа заң жобасының негізгі тиімді тұстарын талдап берді.
— Банктердің кейбірі қарызын өтесе, кейбірі қайтармаған. Президент мұны жеделдетуді тапсырды. Осыған қатысты не айтасыз?
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында нақты тапсырма берді. Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі келісім жүріп жатыр деп хабарлайды. Дегенмен, жағдайды сараптасаңыз, мәселе күрделі. Мысалы, 2045 жылға дейін Jusan (қазіргі Alatau City Bank) 1 трлн теңгені 0,1 пайыздық мөлшерлемемен алған. Бұдан басқа да банктер бар, олармен де жұмыс жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Бұл — іс жүзінде тегін ақша, әлемде мұндай тәжірибе жоқ.
Үкімет тарапынан халықтың ақшасы банктің жағдайын түзетуге жұмсалды. Бірақ нақты механизмдер болу керек еді. Қарыз нарықтық бағамен берілуі тиіс, мерзімі қысқартылуы керек болатын. 2017 жылдан 2045 жылға дейінгі мерзім — экономикалық тұрғыдан қисынсыз. Сонымен қатар оның экономикаға әсері де зерделенбеген. Комитетте осы мәселе көтерілді, бірақ әзірге нақты сауалдарға жауап алған жоқпыз.
— Қарыздың қазіргі бюджет жағдайына әсері қандай?
— Елде бюджет тапшылығы бар, салық түсімі төмен, бірқатар әлеуметтік мәселе шешімін күтеді. Сол себепті банктердің қарызы дер уақытында қайтарылғаны дұрыс.
— Банк туралы заң қаралып жатыр дегенде халық елең ете қалды. Несие мөлшерлемесі төмендетіледі деген хабар тарады. Бірақ пайыздар мен комиссиялар әлі де жоғары емес пе?
— Нарықтық экономиканың талабына сәйкес, Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені белгілейді. Коммерциялық банктер сол деңгейге сүйене отырып, несие пайызын қояды. Пайызды төмендетуге болады, бірақ инфляция қазіргі уақытта 12,6%-ға жетті, азық-түлік бағасы да өсіп отыр. Сондықтан Ұлттық банк бағаны тұрақтандыру және халық жинақтарын сақтау үшін пайыздық мөлшерлемені реттейді.
— Қазіргі депозиттік мөлшерлеменің экономикаға әсері қандай?
— Бүгінде банктердің депозиттік ставкасы 17-18%-ға жетті, бұл — жақсы көрсеткіш. Егер экономикадағы қаржы айналымы төмендесе, инфляция азаяды. Бірақ қымбат несие кіші кәсіпорындарға қиындық тудыруы мүмкін.
— Басқа елдерде пайыздық саясат қалай жүргізілген?
— 1980 жылдары АҚШ-та Рейган кезінде Ұлттық банктің резервтік ставкасы 20%-ға көтеріліп, жұмыссыздық пен банкроттық көбейген. Бұл — «шоковая терапия» әдісі. 1970-жылдардың соңында АҚШ экономикасы бұрын-соңды мұндай тұрақсыздық жағдайға түспеген еді. Сол кезеңде «Американың экономикалық қайта өрлеуі» атты бағдарлама дүниеге келді. Бағдарламаның негізгі мақсаты — мемлекеттің реттеушілік әлеуетін күшейтіп, капиталистік бәсекені арттыру болды. Бұл экономикалық саясат «рейганомика» деп аталып, президент Рональд Рейган әкімшілігі оны белсенді түрде жүзеге асыруға кірісті. Ресейде де ұқсас тәсіл қолданылған.
Банк саласында әртүрлі тәжірибелерге жүгіну керек, дегенмен әлеуметтік сала уыстан шықпау керек.
— Қаралып жатқан заңда қандай өзгерістер бар?
— Заң бойынша банкке қолдау көрсету тоқтатылады. Сонымен қатар алаяқтыққа жол бермеу мәселесі қаралады. Мысалы, бір адамға бірнеше несие алынған кезде және жәбірленушінің одан хабары болмаған жағдайда жауапкершілікті банк арқалайды.
— Банк саласына жаңа ойыншылар қажет пе?
— Иә, қажет. 1990 жылдары елімізде банк саны көп еді, бірақ кейін азайды. Қаралып жатқан өзгерістер бойынша банктер екі деңгейге бөлінеді: жоғары және төмен. Мысалы, қазір айтылып жатқан агробанк құру маңызды болуы мүмкін, бірақ аудандардағы банк филиалдары арқылы фермерлерге ұзақмерзімді, төмен пайызбен несие беру одан тиімдірек.
Қазіргі нарық заңымен жүретін уақыт. Жеке кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторларға банк ашуға мүмкіндік беру бәсекелестікті арттырады. Неғұрлым ойыншылар көп болса, таңдау мүмкіндігі де кеңейеді.
— Банктер мемлекет алдындағы міндеттемелерін толық орындамай отыр. Жаңа заң олардың жауапкершілігін күшейте ала ма?
— Сол мақсатта заң қаралып жатыр. Нәтижесін уақыт көрсетеді, бірақ банк жүйесін ретке келтіру басты талап болып отыр.
Айта кетейік, кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.