Барша ұлт өкілдерін мемлекеттік тілдің төңірегіне ұйыстырудың маңызы зор - М.Ихсанғали, БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында: «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр», деп атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында «Мәңгілік ел» патриоттық актісі мен «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеу қажеттігі айтылғаны мәлім. Осыған орай БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Ихсанғали өз ой-толғамын былайша білдірді.
None
None

- Елбасымыздың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауы жарияланысымен, Жолдау жүктеген міндеттерді саралау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалық етуімен өңірімізге танымал ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, бір сөзбен айтқанда, тіл жанашырларымен кездесу өткізіп, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын талқыладық, деді ол. Осы мәселеден туындайтын негізгі мәселелерді жұртшылыққа кеңінен насихаттау үшін облыстық үгіт-насихат тобының құрамында басқарма қызметкерлері Шыңғырлау, Жаңақала, Сырым, Жәнібек аудандарының халқымен жүздесіп, ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізді.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен тәуелсіздігіміздің тұтқасы - мемлекеттік тілдің бәсін биіктетіп, қоғамдағы беделін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мәңгілік елдің мәңгілік тілі - мемлекеттік тіл, сондықтан басқарма мемлекеттік саясаттың түпкі темірқазығы -мемлекеттік тіл саясатын жүргізе отырып, тілдерді дамыту арқылы Қазақстанды «елім» деп санайтын түрлі ұлттар мен ұлыстарды мемлекеттік тілдің төңірегіне топтастыруды басты қағида ретінде ұстанып отыр. Жалпы, мемлекеттік тіл саясатын толыққанды жүзеге асыру бұқаралық іске айналғанда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады, яғни ана тіліміздің қоғамның жетекші салаларындағы беделін арттырып, жұрттың оған сенімін нығайтуға тиіспіз.

Қазақстан мемлекетін айқындайтын негізгі белгі - қазақ тілі. Сондықтан өзін бүгінгі қоғамның толыққанды мүшесімін деп есептейтін әр азаматқа қойылатын міндеттің бірі - көпшілік алдында сөйлеу барысында, қызмет бабында қазақ тіліне басымдық беру. Өйткені Конституция тіліміздің дамуына қамқорлық жасауды талап етеді. "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заңының 4-бабында "Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды құралы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының борышы" делінген. Сондықтан мемлекет мүддесі үшін қызмет атқарушы әр қызметші мемлекет беделін нығайтумен қатар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін арттыра түсу жолында қызмет еткені жөн. Ата заңымыз әркімге қалауы бойынша қарым-қатынас тілін таңдап алуға құқық бергенімен, мемлекеттік тілді білу - әрбір Қазақстан азаматының парызы емес, міндеті.

Ендігі жерде әрбір азаматтың мемлекеттік тілді білу деңгейі «ҚАЗТЕСТ» емтиханы арқылы анықталатын болады, өйткені бұл емтиханның мақсаты - азаматтардың Қазақстан Республикасының заңнамасынан туындайтын талаптарға сәйкес мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау болып табылады. Осы міндеттің орындалуын жүзеге асыру сала мамандарына жүктеліп отыр. 2013 жылы облыс бойынша «ҚАЗТЕСТ» сынағын 2002 адам тапсырса, 2014 жылы 1500 адам қамтылды. Ал биылғы жылы 895 мемлекеттік қызметші қамтылып, оның 313-і сертификаттық тестілеуден өтсе, ал 582-сі деңгейлер бойынша сынақтан өтті.

- Махамбет Мәтенқожа, енді мемлекеттік тілді орнықтыру бағытындағы жұмыстарға тоқталсаңыз?

-Облысымызда мемлекеттік тілді одан әрі орнықтыру мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту арқылы жүргізіліп келеді. Мемлекеттік тілді мемлекетті басқару тілі мәртебесінде қолданудың негізгі тетігі - бұл іс жүргізуді мемлекеттік тілде жүзеге асыру болса, Елбасымыздың 2006 жылғы 30 мамырдағы №127 Жарлығына және облыс әкімдігінің 2004 жылғы 28 сәуірдегі №125 қаулысына сәйкес облысымызда іс жүргізу 2006 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік тілге көшті. Десек те, облыстағы мемлекеттік мекемелерде іс жүргізу негізінен мемлекеттік тілде жүргізілгенімен, бухгалтерлік есеп, статистикалық және техникалық құжаттардың басым бөлігі әлі күнге қазақ және орыс тілдерінде немесе бір ғана орыс тілінде жүргізіледі. Бухгалтерлік есеп құжаттарының қазақша үлгілері Қаржы министрлігі Қазынашылық департаментінің 1998 жылғы 1 желтоқсандағы №548 бұйрығымен бекітілген және статистикалық есептердің үлгілері де дерекқорға екі тілде бекітіліп енгізілген. Аталмыш құжаттардың қазақша үлгілері кейбір мекемелерде сала мамандарының тіл біліктілігіне байланысты қолданысқа енгізілмей келеді. Осы мәселелерге орай 2014 жылы аудандардағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда, ауылдық әкімдіктерде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының және басқа да тілдер туралы заңнамалардың сақталуын бақылаудың жаднамасы жасақталып, Ақжайық, Тасқала, Зеленов, Теректі, Бөрлі аудандарына әдістемелік көмектер көрсетілді. Кешенді әдістемелік көмек көрсету жұмыстарының нәтижелері бойынша аталмыш аудандарда семинар-кеңестер өткізілді. Жиындарда жүргізілген жаднама қорытындылары талқыланып, аудан әкімдіктерінің хаттамалық шешімдері қабылданып, ескерту алған мекемелер мен селолық округтердің әкімдеріне жіберілген кемшіліктер бойынша жұмыстану тапсырылды. Аудандардың көптеген мекемелеріне бухгалтерлік альбомдардың қазақша нұсқалары орнатылды.

Мемлекеттік мекемелердің құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 2014 жылдың қорытындысы бойынша 99,6 пайызды құраса, 2015 жылдың 1 жартыжылдығында ол көрсеткіш 99,7 пайызға жетті. Облыс бойынша мемлекеттік тілді білетін тұрғындардың үлесі 69 пайызды құрап отыр. Өңірде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарына мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгерту мақсатында жылма-жыл тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан мемлекеттік тілді оқыту курсына 2014 жылы 850 тыңдаушы тартылса, биылғы жылы 855 азаматты оқыту жоспарланды. Бірінші жартыжылдықта 655 тыңдаушы курсты бастап кетті.

Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мақсатында өткен жылы «ТДК-42» телеарнасынан «Язык - духовный стержень народа» айдарымен орыс тілінде 50 хабар, «Тіл - алтын тамыр», «Тіл - абзалдық әліппесі» айдарларымен берілетін жас ұрпақ тәрбиесі мәселесіне байланысты балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік тілдегі арнайы танымдық-тағылымдық 24 телебағдарлама жұртшылық назарына ұсынылды. Телеэкранға жол тартқан бағдарламалардың тақырыптық және мазмұндық сапасы жіті бақыланады. Мемлекеттік тіл саясаты туралы жұртшылықтың оң пікірін қалыптастыру, өзге ұлыс өкілдерінің мемлекеттік тілге, мемлекеттік тіл арқылы мемлекетке деген құрметін арттыру, жас жеткіншектердің халық ауыз әдебиеті үлгілеріне, өлкетануға, елге, Отанға деген сүйіспеншілігін тудыру бағытында ұйымдастырылған танымдық-тағылымдық бағдарламалардың маңызы мен әсері зор болды. Биыл да «Язык - ключ к познанию мира», «Дулыға», «Ана тілім - айбыным» айдарларымен 50 орыс тілінде және 24 мемлекеттік тілдегі телехабар эфирден берілуде.

- Ономастика және жарнама саласына қатысты атқарылған жұмыстар жөнінде не айтасыз?

-Ономастика - тіл саясатының бастау алар бұлағы, сондықтан аталмыш саладағы қордаланған мәселелерді шешу мораторий аяқталғаннан кейін облыс аумағындағы көше атауларын реттеуден бастау алды. Осыған орай, Тасқала, Зеленов, Теректі, Шыңғырлау аудандарына ономастика мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп, ал қалған аудандарға көшелердің атауларын тәуелсіз елдің бет-бейнесіне сәйкестендіру бағытында кеңес берілді. Нәтижесінде мораторийге дейін жинақталып қалған күрделі мәселелерді шешудің негізгі тетігі - халықтың пікірін ескеру қағидасы бойынша облысымыздағы көшелер атауларын біріздендіру мақсатында облыстық ономастикалық комиссияның қарауына түскен жалпы саны 773 көшенің 731-нің атауы мақұлданып, түпкілікті шешім қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда ономастикалық комиссияның оң шешімін алған 731 көшенің құжаттары облыстық әділет басқармасынан тіркеуден және ғылыми тұрғыдан сараптамадан өтуге жолданды. Басқарма тарапынан әділет органдарының басшылары және аудан әкімдіктерімен сөйлесіліп, бұл мәселе біртіндеп біріздендіріліп келеді.

Мемлекеттік тілдің өз мәртебесінде қолданыс табатын тетігі - бұл қоғамдық салалардағы тілдік қолданыс. Қоғамдық орындардағы тілдік қолданысты бақылау және көрнекі ақпарат пен жарнаманы жүйелеу мақсатында 2010 жылы республикада алғаш тәжірибеге енгізілген серпінді жоба - қоғамдық тіл инспекциясының қызметімен биылғы жылы қамтылған бизнес субьектілерінің саны 250 болса, оның 222-сі - жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, 12-сі - акционерлік қоғамдар, 5-і - қоғамдық бірлестіктер, 5-і - шаруа қожалықтары, 6-ы - жеке кәсіпкерлік нысандары. Ономастикалық ахуалды жақсарту және көрнекі ақпаратты бақылауды мақсат еткен басқарма мамандары облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің тілшілерімен бірге Орал қаласының қоғамдық көпшілік орындарындағы көрнекі ақпараттың жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Әуежай, автобекет, вокзал, сауда орындары мен бірқатар банктер бақылау рейдімен қамтылып, рейд облыстық газеттердегі «Әрекет қылмай, ауызша айта салу - тілге жанашырлық емес» және «Всю наглядную информацию - на двух языках» тақырыптарындағы сараптамалық мақалалармен қорытындыланды. Қоғамдық бірлестіктермен бірге көрнекі ақпаратты біріздендіру көздейтін «Тіл тазалығы», «Қатесіз жарнама», «Көрнекі ақпарат - насихат құралы» айлықтары жарияланып отырады. Аталмыш айлықтардың аясында жүргізілетін рейдпен облыс орталығының ірі-ірі сауда нысандары қамтылып келеді. Рейд нәтижесі бойынша «Арнайы репортаж» атты телехабар түсіріліп, «Қазақстан - Орал» телеарнасы эфирінен берілсе, «Көрнекі ақпарат - тілді қалыптастырушы құрал» атты телехабар «ТДК-42» телеарнасынан жұртшылық назарына ұсынылды.

Ономастиканың келесі бір өзегі - антропонимика, яғни кісі есімдерін жүйелейтін ғылым болса, адам аттарының, әсіресе, төлқұжат алатын жастағы жасөспірімдердің құжаттарын ресімдеуді жолға қою сала мамандарының назарынан тыс қалған емес. Сондықтан, «Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін реттеу туралы» Президент Жарлығын насихаттау мақсатында Орал қаласының мектептерінде антропонимика мәселесі бойынша төлқұжат алатын жастағы балалармен қазақы дәстүрге сай құжат алу жайын насихаттайтын «Есім - елдік өнеге» атты акция 2010 жылдан бері жылма-жыл жүргізіліп келеді. Бұл игілікті іс биыл да облыстың Шыңғырлау, Теректі, Ақжайық, Сырым, Зеленов, Тасқала, Бөрлі аудандарында өз жалғасын тапты. Нәтижесінде төлқұжат алатын жастағы балалардың ұлттық дәстүрге сай ресімделген құжат алу мәселесі біртіндеп реттеліп келеді.

-Соңғы сауал, о блыста ұлты қазақ балаларды ана тілінде оқытуда қандай ықпал жасалуда?

-Тілдің бастау алатын тетігі - мектеп десек, жыл сайынғы дәстүрлі шара «Қазақ мектебіне қадам басайық» акциясы қала мектептерінде өткізіліп, басқарма мамандары мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндердің ата-аналарымен кездесулер ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Мұндай шаралардың нәтижесінде былтырғы жылы №21 мектепте екі қазақ сыныбы ашылып, 52 бала қазақ сыныбына қадам басты. Дәл осындай игілікті істер қазақ мектептерінде білім алуға ұмтылған балалардың санын жылдан-жылға арттыруға септігін тигізуде.

Оқушылардың мемлекеттік тілдегі білім деңгейінің сапасы жыл өткен сайын артып келеді. Облыс орталығында 47 мемлекеттік күндізгі жалпы орта білім беретін мектептер жұмыс істейді. Оның 20-сы мемлекеттік тілде, 15-і орыс, ал 12-сі аралас тілде оқытылады. Өткен оқу жылында қала мектептерінде 35253 оқушы білім алған болса, соның 10893-і - орыс және өзге ұлт өкілдері. Бүгінгі таңда олардың саны 174-ті құрап отыр, яғни 1,6 пайыз өзге ұл өкілдері ұлттық мектепте білім алуда. Қалада 49 мектепке дейін ұйым жұмыс жасайтын болса, оның 27-сі мемлекеттік тілде, 22-і аралас тілде. Өзге ұлт өкілдерінің 90 баласы қазақ топтарында тәрбиеленуде.

Орал қаласындағы орыс тілінде білім мен тәрбие беретін №2, 3, 5, 6, 7, 9, 12, 13, 17, 20, 21, 23, 25, 26, 28, 31, 32, 35, 39, 45 мектептерде «Қазақ тілінің грамматикасы», «Тіл шеберлігі», «Сөз мәдениеті», «Іс жүргізу», «Тіл білімінің салалары», «Отбасымызбен қазақша сөйлесеміз», «Тіл - қатынас құралы», «Тіл таным», «Өнер алды - қызыл тіл», «Тіл дамыту», «Қызықты грамматика», «Риторика», тағы да басқа тақырыптарда факультатив пен үйірме сабақтары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл - жүйелі жұмыстың жемісі деуге болады.

Соңғы жаңалықтар