Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бас бостандығынан айырылған азаматтар түрмеде қандай мамандықтарды игере алады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде Қазақстан абақтыларындағы сотталғандар 48 мамандық бойынша білім алып жатыр.

СҚО-да түрмеде тігіншілікті меңгерген әйел бостандықта өз ісін ашты
Фото: СҚО ҚАЖД

Бұл жөнінде ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитеті ресми сауалымызға жолдаған жауабында мәлімдеді.

— Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде кәсіптік және техникалық білім беретін 35 ұйым жұмыс істейді. Онда сотталғандар 48 мамандық бойынша білім алып жатыр. Олардың қатарында: тігінші, аспаз, тамақтандыруды ұйымдастыру, кондитер-безендіруші, пішуші, тігін өндірісі және киімді модельдеу, модельер-пішуші, әрлеу-құрылыс жұмыстарының шебері, ара шаруашылығы және жібек шаруашылығы, шаштараз өнері, есептеу техникасы және ақпараттық желілер, сондай-ақ, басқа да мамандықтар бар, — делінген хабарламада.

Одан бөлек, аталған орындарда 34 мамандық бойынша қысқа мерзімді, яғни 1-2 айлық курстар ұйымдастырылады.

Ведомство сотталған әйелдер арасында сұраныс жоғары мамандықтарды да атап өтті. Олар — тігінші, шаштараз, визажист, кондитер және пішуші.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау түрмесінде кәсіпкерлердің шағымынан кейін жалдау ақысы төмендетілгенін жазғанбыз.