Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бас прокуратура Атырау облысында рақымшылықтың заңсыз қолданылғанын анықтады

АСТАНА. KAZINFORM - Атырау облысында мемлекеттік мекемелердің бірінің бухгалтері ұйым басшысымен бірлесіп, 2023-2024 жылдары 88,8 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.

алаяқ
Фото: ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметі

ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, кейін рақымшылық туралы заңды қолдану арқылы жазаны 4 жыл 8 айға дейін қысқартқан.

Бас прокуратура рақымшылықтың заңсыз қолданылғанын анықтады.

-Заңға сәйкес аса ірі мөлшерде жасалған жымқыру қылмысы үшін тағайындалған жаза келтірілген залал толық өтелген жағдайда ғана қысқартылуы мүмкін. Алайда сотталған шығынды толық өтемеген. Сонымен қатар одан 36,8 млн теңгеден астам қаражат өндіріп алу туралы шешім шығарылған. Соған қарамастан, бірінші сатыдағы сот жазаны үштен біріне қысқартқан, ал апелляциялық саты бұл заңбұзушылықты жоймаған,-делінген хабарламада. 

Бас прокуратураның наразылығы бойынша кассациялық сот рақымшылықты қолданудың күшін жойып, бастапқы жаза - 7 жыл бас бостандығынан айыруды қайта қалпына келтірді.

Егер заңда көзделген келтірілген залалды толық өтеу талабы орындалмаса, рақымшылық қолданылмайды.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстандағы рақымшылықтың қалай жүзеге асырылғаны туралы прокуратура мәліметтерін жариялаған едік.