Бас прокуратура Айдос Садықовты өлтірмек болғандарды табу үшін тергеу бастады

ҚР Бас прокуратурасы
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Бас прокуратурасы Киевте қастандыққа тап болған қазақстандық журналист Айдос Садықов ісінің мән-жайын айтып берді. 

Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен 18 маусым күні Киевте Айдос Садықовтың өміріне қастандық жасау фактісі бойынша ҚР Бас прокуратурасы сотқа дейінгі тергеу бастаған. 

«Қылмыстық іс бойынша тергеу-жедел тобы құрылды. Ол қылмысты ашуға және күдіктілерді ұстауға бағытталған қажетті жедел іздестіру шараларын жүргізеді» дейді ведомстводан. 

Айта кетейік, кеше Қазақстанның Бас прокуроры Украина Бас прокурорының атына осы қылмысты ашуға барынша тәжірибелі қазақстандық тергеушілерді тарта отырып, бүкіл көмек көрсету жөнінде ұсыныс жасаған болатын.

Бас прокуратура қылмыстық істі тергеу барысын ерекше бақылауға алды. 

Еске сала кетейік, 18 маусымда Киевте тұратын журналист Айдос Садықовты үйінің жанында әлдебіреулер атып кетті. Ол қазір ауруханада жатыр.

Украина прокуратурасы екі күдіктінің сол күні-ақ шекараны кесіп өтіп, елден кетіп қалғанын хабарлады.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте жасалған қастандық жайында пікір білдірген еді.

Президент кеңесшісі Берік Уәлидің айтуынша, Қазақстанды айыптау кейбір күштерге тиімді.

Бүгін Ішкі істер министрлігі Айдос Садықовты атты деген күдіктінің Қазақстан полициясында жұмыс істемейтінін хабарлады.

Мемлекет басшысы қастандықты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр.

Соңғы жаңалықтар