Бас прокуратура WhatsApp мессенджеріне қатысты жаңа киберқатер туралы ескертті

АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы WhatsApp мессенджеріне қатысты жаңа киберқатер туралы ескертті. 

WhatsApp
Фото: pexels.com

— Шетелдік дереккөздердің мәліметіне сәйкес кибералаяқтар WhatsApp аккаунттарын басып алудың жаңа қылмыстық схемасын қолданып отыр. Бұл әдіс «GhostPairing» деп аталады және парольдерді бұзуды, SIM-карталарды ауыстыруды немесе күрделі техникалық шабуылдарды қажет етпейді. Алаяқтар WhatsApp-қа заңды түрде, қосымша құрылғыларды байланыстыру функциясын пайдалану арқылы қол жеткізеді, — делінген хабарламада.

Пайдаланушыға Facebook немесе WhatsApp атынан жасырынған хабарлама жіберіледі, ол Facebook пен WhatsApp интерфейсін визуалды түрде қайталайтын жалған парақшаларға бағыттайды.

— Контентке қолжетімділікті растау үшін фейк-парақша телефон нөмірі мен растау кодын енгізуді ұсынады, осыдан кейін зиянкес автоматты түрде жәбірленушінің аккаунтына сенімді құрылғы ретінде қосылып, WhatsApp-қа толық қол жеткізеді (хабарламаларды оқу, медиафайлдарды қарау, байланыстар тізімі, хабарлама жіберу, фотогалереяға қолжетімділік). Бұл ретте телефон әдеттегідей жұмыс істей береді және күдік тудырмайды, — делінген Бас прокуратура хабарламасында.

WhatsApp-тың басып алуын анықтаудың жалғыз жолы — «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін қолмен тексеру. Кез келген белгісіз қосылу аккаунттың бұзылғанын көрсетеді және дереу жойылуы тиіс.

Сақ болыңыздар, киберқауіпсіздік талаптарын сақтаңыздар:

— белгісіз кіріс хабарламаларға, қоңырауларға және әр түрлі хабарландыруларға мұқият болыңыздар;

— «WhatsApp» кодын бөгде парақшаларғаенгізбеңіздер, қосымшадан тыс жерде кодты сұрату — алаяқтық;

— екі факторлы аутентификацияны пайдаланыңыздар;

— аккаунтыңыздың белсенділігін тұрақты түрде тексеріп отырыңыздар;

— қорғаныш бағдарламалық қамтамасыз етуді қолданыңыздар.

Айта кетелік Ұлттық банк қазақстандықтарға қауіп туралы ескерткен еді

Соңғы жаңалықтар