Бас прокуратураның жұмыс тобы Жамбылға аттанды: Олар қызметкер шағымын қайта тексермек
АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокурордың тапсырмасымен жұмыс тобы Жамбыл облысына аттанды. Топ өңірлік прокуратура қызметкерінің шағымын қайта тексереді.

- Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Жамбыл облыстық департаменті қызметкерінің бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таралған бейнежолдауына қатысты Бас прокуратура келесіні хабарлайды. Бас прокурордың тапсырмасы бойынша айтылған уәждерді тексеру үшін Жамбыл облысына Бас прокуратураның Ішкі қауіпсіздік департаменті мен тиісті құрылымдық бөлімшесінің қызметкерлері, сондай-ақ комитет төрағасының орынбасары кіретін жұмыс тобы жіберілді, - делінген ведомство ақпаратында.
Бірнеше күн бұрын Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Жамбыл облыстық департаментінің қызметкері Әлия Қожабекова бейнежолдау жасап, онда басшылық тарапынан орын алып жатқан заңға қайшы әрекеттерге шағымданған еді. Сондай-ақ ол әріптестері тарапынан қысым көріп жатқанын, Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінен мәліметтер үнемі өшірілетіндігін, ешкім жазаға тартылмайтынын айтады.
Сол күні Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті ресми мәлімдеме жасап, Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бейінді бөлімшелермен бірге тексеру жүргізгенін, шағымданушының деректері дәйексіз болғанын хабарлады.
Осыған дейін Қызылордада прокуратура ықпалымен күші жойылған сот қаулыларының саны 60%-ға өскені туралы жаздық.