Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бас прокурор Асхат Дауылбаев Чехияның Жоғарғы мемлекеттік прокуроры Павел Земанмен кездесті

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстанның Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев Чех Республикасына жұмыс сапары шеңберінде Чехияның Жоғарғы мемлекеттік прокуроры Павел Земанмен кездесті,  деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

 Бас прокурор Асхат Дауылбаев Чехияның Жоғарғы мемлекеттік прокуроры Павел Земанмен кездесті

Әңгіме барысында тараптар екі елдің прокуратуралары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың келешегін талқылады. Қазақстандық делегацияның сапары қалыптасқан жемісті өзара қатынастарды одан әрі дамыту, құқықтық жүйелерді дамытудың тәжірибесімен алмасу үшін маңызды қадам, сондай-ақ 2009 жылы қол қойылған Қазақстан және Чехия Бас прокуратуралары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумда қаланған идеялардың нақты іске асырылуын қуаттау болып табылады.

П.Земан өткен жылғы қазан айында Астанада өткен Орталық, Шығыс Еуропа және Орта Азия елдері үшін Прокурорлардың халықаралық қауымдастығының өңірлік конференциясына жоғары баға берді. Оның жұмысына Чехиялық делегация да қатысқан болатын. Олар нтымақтастықтың даму үрдісіне қолдау көрсетуді және оны нығайту үшін одан әрі күш салуды ұсынды. Осыған байланысты тараптар құқықтық көмек көрсету және экстрадициялау саласындағы шарттарды әзірлеу туралы уағдаласты.

Сондай-ақ А.Дауылбаев Чехияның Прокурорлар одағының президенті Л.Брадачовамен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі елдің прокуратура органдары арасында тәжірибе алмасу бойынша екіжақты байланысты кеңейту туралы уағдаласты. Атап айтқанда, чехиялық тарап Еуропалық Одақтың заң нормаларын қолдану және қадағалау органдарының заманауи үлгісін құру тәжірибесімен қазақстандық әріптестерімен бөлісуге даяр екендіктерін білдірді.