Бас төреші – жасанды интеллект: Қазақстанда цифрлық және AI-спорт федерациясы құрылды

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект спорт алаңына да шықты. Бүгін Астанада Цифрлық және AI-спорт ұлттық федерациясы таныстырылды. Жаңа ұйым виртуалды үстел теннисінен турнирді бастап кетті. Мұнда ракетка да, арнайы датчиктер де қажет емес. Ойыншының қимылын планшет камерасы тіркейді. Бас төреші – жасанды интеллект. Федерация президенті Ғабит Cалтыбаев жаңа ұйымның маңызды міндеттері туралы айтып берді.

с
Фото: Kazinform

Іс-шараның басты оқиғаларының бірі – Ұлттық Федерацияның AI SPORT платформасында виртуалды үстел теннисінен өткізген алғашқы турнирі болды.

с
Фото: Kazinform

AI TABLE TENNIS TOURNAMENT қатысушылары планшет камерасының алдында үстел теннисінің элементтері бар жаттығуларды орындады. Ал жасанды интеллект олардың қимылдарын танып, нәтижелерін автоматты түрде тіркеді. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар, медальдар мен грамоталар табысталды.

Федерация президенті әрі AI SPORT негізін қалаушы Ғабит Салтыбаевтың айтуынша, басты идея дәстүрлі спорттың инфрақұрылымға тәуелді болуынан туындаған.

а
Фото: Kazinform

– Офлайн спортқа қатысу үшін спортзалға, жаттықтырушыға немесе ақылы секцияға бару керек. Ал біздің форматта жаттығулар мен турнирлер телефон арқылы өтеді. Компьютерлік көру технологиясы камера арқылы адамның қимылын тіркеп, жаттығудың дұрыс орындалуын және оның санын есептейді. Осылайша қатысушының нәтижесі автоматты түрде белгіленіп, турнир кестесі бойынша жеңімпаз анықталады, – деді федерация президенті.

AI SPORT қосымшасы смартфон немесе планшет камерасы арқылы жаттығулардың орындалуын тануға және нәтижелерді тіркеуге мүмкіндік беретін компьютерлік көру технологияларын пайдаланады. Платформа онлайн-челлендждер, марафондар мен жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

в
Фото: Kazinform

Бұл форматтың тағы бір ерекшелігі – спортшының нақты бір орынға байланып қалмауы.

– Бізде төрешілер болмайды. Барлық процесті онлайн жасанды интеллект төреші бақылайды: ол спортшының техникасын және қанша жаттығу орындағанын тіркейді. Болашақта адамның қай жерде тұрғаны маңызды болмайды. Мысалы, Қазақстанның бір қаласындағы спортшы Америкадағы немесе Қытайдағы қатысушымен онлайн жарыса алады, – деді ол.

Ғ.Салтыбаевтың айтуынша, әлемде цифрлық технология мен спортты ұштастыратын түрлі бағыттар бар. Соның ішінде киберспортта ойындар джойстик арқылы жүргізілсе, фиджитал спортта физикалық спорт пен компьютерлік ойын элементтері біріктірілген. Ал жаңа федерацияның ерекшелігі – жарыстар мен жаттығуларды арнайы қымбат құрылғыларсыз, смартфон немесе планшет камерасы арқылы өткізу.

– Кейбір турнирлер VR көзілдірігі арқылы өткізіледі. Бірақ мұндай құрылғылар қымбат болғандықтан, жаппай спортқа қолжетімді бола бермейді. Біздің форматта қарапайым телефон камерасының көмегімен жаттығуға және әлемнің кез келген жерінен турнирге қатысуға болады. Сондықтан бұл жаппай спортқа барынша қолжетімді формат деп санаймыз, – деді федерация президенті.

Федерация алдағы уақытта Қазақстан чемпионатын онлайн форматта өткізуді жоспарлап отыр. Алғашқы кезеңде үстел теннисі элементтері бар жаттығулар мен Power Balance бағыты қамтылады. Жыл соңына дейін бокс пен футбол бойынша да онлайн турнирлер өткізу көзделген.

– Алдымен Қазақстан ішінде онлайн спорт бойынша Қазақстан чемпионатын өткізуді жоспарлап отырмыз. Үстел теннисінен бастадық. Сонымен қатар Power Balance жаттығулары бар. Осы екі бағыттан бастаймыз. Жыл соңына дейін бокс пен футбол бойынша да онлайн турнирлер өткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, бізде жаппай қолжетімді он шақты спорт түрін цифрландыру жоспары бар, – деді Ғабит Салтыбаев.

Федерация жұмысының тағы бір бағыты – спортқа бейімі бар балаларды ерте анықтау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, онлайн жарыстар арқылы баланың реакциясы, икемділігі және физикалық мүмкіндіктері туралы бастапқы мәлімет жинауға болады. Бұл деректер спорттың қай бағытына бейімі бар екенін анықтауға көмектеседі.

– Біздің Ұлттық цифрлық және AI-спорт федерациясының негізгі мақсаттарының бірі – Қазақстан бойынша жас таланттарды анықтау. Мысалы, үстел теннисі бойынша турнир кезінде бала жаттығуларды орындап, өзінің реакциясы мен икемділігін көрсетеді. Біз осындай көрсеткіштер арқылы талантты балаларды анықтай аламыз. Кейін олардың тізімін тиісті спорт федерацияларына немесе федерациялардың мектептеріне ұсынып, бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Олар балаларды офлайн жарыстарға шақырып, қабілетін әрі қарай сынай алады, – деді ол.

Оның пікірінше, мұндай тәсіл спорттағы кәсіби бағдарға да көмектесуі мүмкін.

– Бала кішкентай кезінде әр спорт түріне қатысып көрмейінше, оның нақты қай бағытқа бейімі бар екенін анықтау қиын. Сондықтан онлайн турнирлер арқылы әртүрлі физикалық және реакцияға байланысты жаттығуларды орындатып, баланың талантын ертерек байқауға болады. Бұл спорттағы кәсіби бағдарға көмектеседі, – деді федерация президенті.

Сонымен қатар жаңа федерация спорттық және білім беру ұйымдарымен серіктестікті дамытуды жоспарлап отыр. Digital Bridge аясында Қазақ ұлттық спорт университетімен меморандумға қол қою көзделген. Ынтымақтастық спорт, ғылым, білім беру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағыттарын қамтиды.

Алдағы уақытта бокс, футбол, баскетбол элементтері бар жаттығулар және басқа да спорт түрлері цифрландырылады. Осы арқылы онлайн жарыстардың ауқымын кеңейтіп, спортшыларға орналасқан жеріне қарамастан жарыстарға қатысуға мүмкіндік беру көзделіп отыр.

Бұған дейін халықаралық ЖИ сарапшысы, Sinovation Ventures және 01.AI компанияларының бас директоры Ли Кай Фу Қазақстанның толыққанды жасанды интеллект орталығына айналуы үшін не қажет екенін айтқан еді.