ЖИ қателессе, түрмеге кім отырады — Ли Кай Фу жаңа дәуір мамандары туралы

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық ЖИ сарапшысы, Sinovation Ventures және 01.AI компанияларының бас директоры Ли Кай Фу Қазақстанның толыққанды жасанды интеллект орталығына айналуы үшін не қажет екенін айтып берді.

ЖИ қателессе, түрмеге кім отырады — Ли Кай Фу жаңа дәуір мамандары туралы
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Оның пікірінше, Қазақстан жасанды интеллектіні дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптасқан елдердің біріне айналды. Бұған мемлекеттік деңгейдегі қолдау, инфрақұрылымның дамуы және жаңа технологиялардың түрлі салаларға енгізілуі мүмкіндік беріп отыр.

— Қазақстан бүгінде әлемдегі ең қолайлы позициялардың бірінде деп айтар едім. Болашаққа көз жүгіртсек, бір жағынан, ел алдында үлкен мүмкіндіктер тұр. Оларды іске асыру үшін көшбасшылық, табандылық, жасанды интеллектіні түсіну және оны мемлекеттік секторда, инкубаторларда, венчурлік қорлар мен ірі компанияларда енгізу қажет. Бұл бағытта қазірдің өзінде жұмыс жүріп жатыр, — деді Кай-Фу Ли елордада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 форумында.

Сарапшы жасанды интеллектіні одан әрі дамыту жаңа технологиямен тиімді жұмыс істей алатын мамандарды даярлауға тікелей байланысты екенін айтты. Сондықтан мұндай дағдыларды қазақстандықтарда бала кезден қалыптастыру қажет.

жи сарапшысы
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Университеттер мен мектептерде білім алатын адамдар ЖИ күнделікті процестердің ажырамас бөлігіне айналған ортада жұмыс істеуді үйренуі керек. Сондықтан білім беруді бастапқы кезеңнен-ақ жасанды интеллектіні пайдалануға бейімдеу аса маңызды, — дейді сарапшы.

Кай-Фу Ли осы орайда DRI (Directly Responsible Individual) тұжырымдамасын мысалға келтірді. Бұл — белгілі бір міндет пен оның нәтижесіне тікелей жауапты адам. Аталған ұғымды Стив Джобс енгізіп, кейін технология саласында кеңінен қолданыла бастаған.

елордада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 форумы
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Спикердің пікірінше, ЖИ дәуірінде мұндай мамандардың рөлі өзгеше сипатқа ие болады.

— Ірі компаниялар бір нәрсені түсінуі керек: бүгінгі жетістікке жеткізген тәсілдер болашақта да сол нәтижеге жеткізе бермейді. Адамдарды басқаруға құрылған иерархиялық жүйе адам ресурсын басқаруға тиімді. Алайда енді компанияларға ЖИ-ді кеңінен енгізу қажет. Ал бұл ЖИ жүйелерін басқара алатын мамандарды талап етеді. Сіздерде адамдарды басқара алатын мамандар бар. Бірақ жасанды интеллектіні басқара алатын мамандар бар ма? — деді ол.

Сонымен бірге, Кай-Фу Ли жасанды интеллектіні енгізу адамның өз жұмысының салдары үшін жауапкершілігін жоймайтынын атап өтті.

— Егер ЖИ қателік жасап, соның салдарынан ақша жоғалтсаңыз, банк шотыңыз босап қалса немесе заң бұзылса, ол үшін ЖИ түрмеге отырмайды. Түрмеге адам отырады. Себебі сол адам тікелей жауапты тұлға (DRI) болады. Сондықтан DRI креслосына шалқайып отырып, ештеңе істемей, барлық жұмысты ЖИ-ға тапсыра алмайды. Ол жасанды интеллектіні белсенді түрде басқарып, оны түсініп, жұмысқа енгізуі керек, нәтижесін тексеріп, жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Әйтпесе DRI-дың өз ойлау қабілеті де біртіндеп әлсірей бастайды, — деді ол.

елордада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 форумы
Фото: Солтан Жекңсенбеков/Kazinform

Еске салайық, Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы басталды. Қазақстан ЖИ-экономиканың барлық бес деңгейін дамытуды көздеп отыр.