БӘСЕНОВ ТӨЛЕУ ҚҰЛШАМАНҰЛЫ

енов Төлеу Құлшаманұлы (1909-1976) - тұңғыш кәсіпқой қазақ сәулетшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, КСРО Сәулет академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанда қазіргі сәулет мектебінің негізін салып, сәулет саласындағы алғашқы ғалым-педагогтардың бірі, Сәулетшілер одағының алғашқы төрағасы.

БӘСЕНОВ ТӨЛЕУ ҚҰЛШАМАНҰЛЫ

Қазіргі Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген.

Орынбордың жұмысшылар факультетін, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербор) азаматтық-инженерлер институтын бітірген.

Еңбек жолын Қазақ КСР халық комиссарлары кеңесі жанындағы құрылыс басқармасынан бастаған. 1933-1937 жылдары Жамбылда, Алматыда, Қырғызстанда қызметтер атқарды. 1937-1941 жылдары - Алматы қаласының бас сәулетшісі. 1944-1954 жылдары - Қазақ КСР Министрлігі Кеңесі жанындағы сәулеттік жайғастыру басқармасының бастығы. 1958-1976 жылдары - Құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ политехникалык институтының кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Басқару-ұйымдастыру жұмыстарына белсенді түрде араласып жүргеніне қарамастан, Төлеу Құлшаманұлы мамандығы бойынша жан аямай еңбектеніп өтті. Ол еліміздің бұрынғы астанасы Алматы қаласының алғашқы бас жоспарын жасады.

Т.Бәсенов 1936-1937 жылдары Алматы әуежайының бірінші кешенін, 1941 жылы Қазақ опера және балет театрының үйін, 1949-1951 жылдары Амангелді Иманов ескерткішінің жоспарын, 1968-1969 жылдары Алматыдағы Достық даңғылының бас жобасын, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Қазақ ССР павильонының ғимаратының жобалау жұмыстарын кәсіби шеберлікпен орындап шыққан.

Ол - Қазақстанда, Мәскеуде және Кеңес Одағының көптеген қалаларында бой түзеген ірі-ірі ғимараттардың, алып кешендердің авторы, 25 сәулет кешенінің жетекшісі һәм жобалау жөніндегі кеңесшісі. Шығанақ Берсиевтің туған жеріндегі пирамида-ескерткіштің, Ақтөбе қаласының жаңа орталығының, Қарағандыдағы дене шынықтыру, мәдениет Сарайларының, Балқаштағы Металлургтер мәдениет үйінің, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі басқа да көптеген ғимараттардың сәулетшісі. Ғалым Батыс Қазақстан сәулет ескерткіштерін зерттеп, Ембі, Маңғыстау, Үстірт аймақтарындағы мемориалды-ғұрыптық тарихи құрылыстардың ерекшеліктеріне ғылыми талдау жасады.

Т.Бәсенов қазіргі қазақ сәулет өнеріне байланысты ойларын үлкен мінберлерде, пікірталастарында айтып, баспасөз беттерінде де жазған. Ол пікірлері жинақталып, «Сам аймағындағы архитектуралық ескерткіштер» (1947), «Қазақстан архитектурасындағы өрнектер»(1957), «Архитектура және қала құрылысы» (1974) атты ғылыми-зерттеу еңбектері, тағы басқа көптеген монографиялары жарық көрген.

Төлеу Құлшаманұлы алғаш рет 1961 жылы сәулетшілер тобын ұйымдастырып, Қазақ политехникалық институтынан «Сәулет» факультетін ашқызуға көп еңбек сіңірді. Соңынан Қазақ политехникалық институтында құрылыс, сәулет және санитарлық-техникалық факультеттері құрылды.

1980 жылы осы факультеттер негізінде, Алматы сәулет-құрылыс институты ашылып, 1992 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясына айналған. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының негізінде Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы құрылды. Сондай-ақ Т.Бәсенов Түркістандағы Қожа-Ахмет Иассауи мемориалдық кешенін, Тараз қаласындағы Айша Бибі мазарын, тағы басқа көптеген жәдігерлеріміздің қайта қалпына келтіріп, қайта жаңғыртуына ат салысқан.

 Төлеу Құлшаманұлының бүгінде есімі елге танылған оқушылары көп, олар -Қазақстанның еңбегі сіңірген сәулетшілері Рүстем Сайдалин, Адамбек Қапанов, тағы басқалары Қазақстанның жаңа астанасы - Астана қаласының сәулеттік келбетін жақсартуға үлес қосып келеді. Алғашқы сәулетшінің өмірі мен қызметі, әсіресе, ұлттық сәулет өнеріндегі өшпес іздері бұл мамандықты таңдаған жігіттер мен қыздарға күні бүгінге дейін өнеге болуда.

Республикалық екі телеарнаның шығармашылық тобы - Қазақ сәулет мектебінің негізін қалаушы, Қазақстан Сәулетшілер одағының тұңғыш төрағасы, республикамызда сәулет факультетін алғаш ұйымдастырушы, КСРО Сәулет академиясының корреспондент-мүшесі, биыл туғанына 100 жыл толған Төлеу Құлшаманұлы Бәсенов жайында деректі телефильм түсіруде. Фильм авторлары тележурналистер Иманбай Жұбаев пен Болат Нүсіпбековтердің айтуларына қарағанда, фильм Шалқар, Мұғалжар, Алға аудандары мен Ақтөбе қаласының өзінде, тағы да басқа қалаларда түсірілмек. Түсіру жұмыстарына Төлеу Бәсеновтің немересі сәулетші Алмат Бәсенов қатысуда. Сондай-ақ алғашқы сәулетші Т.Бәсеновтің 100 толуына орай 50 теңгелік шақалар шығарылып айналымға енгізілді. Шақаларды өңдеуге Төлеу Құлшаманұлының немересі дизайншы Алмат Бәсенов қатысқан

1997 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет және құрылыс академиясының үздік студенттеріне Т.Бәсенов атындағы диплом және стипендия тағайындалған.

Қазіргі уақытта Алматы қаласының орталық көшелерінің бірі тұңғыш сәулетшінің есімімен аталады. Алғашқы шебер сәулетші Т.Бәсеновтің тұрған үйіне мемориальдық тақта орнатылған.

Еңбек Қызыл Ту орденімен, КСРО-ның «Еңбектегі ерлігі үшін», «1941-1945жж Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

 

 

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 2 том

Қытайдың Юньнань провинциясында егіздер фестивалі өтіп жатыр
Ұқсас жаңалықтар

Қытайдың Юньнань провинциясында егіздер фестивалі өтіп жатыр