Баспанасыздардың үміті - «Нұрлы жер»
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әр адам өзінің жеке баспанасы болғандығын армандайды. Еліміздегі қолданыстағы жүйе қомақты қаржыны, бастапқы жарна төлеуді талап етеді. Ал олардың пайызы екінші деңгейлі банктерде әртүрлі, бірақ кем дегенде он бес пайыздан басталады. Орташа табысты еліміздің азаматы ондай соманы төлеуге қауқарсыз. Осының салдарынан көптеген проблемалар туындайды. Бұған қоса, елімізде баспанамен қамтылмаған әлеуметтік жағынан осал топтар бар екендігін де ұмытпау керек. Баспана алуда еш делдалсыз, несие төмен пайызбен берілген болса, біраз адамдардың тұрмыстық халі мен деңгейі көтеріліп, болашаққа деген сенімі арта түсер еді.
Әрине бұл мәселені шешуде Үкімет ешбір қадам жасамады десек, өтірік айтқан болар едік. «Өңірлерді дамыту», «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту», «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Қолжетімді баспана-2020», сонымен бірге "Бәйтерек" Холдингінің құрамына кіретін "Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Банк салымшыларын 2022 жылға дейін қолжетімді баспанамен қамтамасыз ететін "Өз үйім" атты дағдарысқа қарсы бірегей бағдарламасы - бұның барлығы қазақстандық азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге арналған мемлекеттік бағдарламалар.
Дей тұра, тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында көрсетілгендей бірнеше бағдарламалар жасалып, іске асырылғанымен бұл мәселе өз өзектілігін әлі де жойған жоқ. Сол себепті халықты тұрғын үймен одан әрі қамтамасыз ету үшін қолданыстағы бағдарламалардағы тұрғын үй мәселелерінің барлығын бір бағдарламаға біріктіре отырып, бірыңғай «Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы әзірленді. «Нұрлы жер» бағдарламасының басты назары тұрғын үй құрылысын мемлекет қаражаты есебінен тікелей қаржыландырудан бірқатар міндеттерді шешу арқылы жеке бастамаларды ынталандыруға ауысатын болады
ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы нақты үш бағытта іске асатын болады. Біріншіден, екінші деңгейлі банктер есебінен ипотека арқылы жаңа баспананы сатып алу шараларына басымдық беріледі. Екіншіден, тұрғын-үй жинақ жүйесі бойынша халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмысы одан әрмен жалғаса береді. Үшіншіден, жеке тұрғын үй құрылысын барынша дамытуға баса назар аударылады. Сондай-ақ, бағдарлама аясында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру, қажетті инфрақұрылым жүргізу арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту қолға алынады.
«Нұрлы жер» бағдарламасы тұрғын үй құрылысын дамытуға, отандық кәсіпорындардың құрылыс қуатын пайдалануға маңызды серпін береді деп күтулуде. Оны жүзеге асырудың нәтижесінде 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, оның ішінде 2017-2019 жылдары 274 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
Бағдарлама жүзеге асқан уақытта еліміздегі алдағы екі жылда 100 мыңнан астам жер телімі ел игілігіне берілмек. Жол төселіп, жылу, жарық тартылған сол жер учаскілеріне жеке үй салуға болады. Бастысы - «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ипотекалық несиенің пайызы екі есеге дейін арзандайды. Бірақ бұдан бұлай жалдамалы пәтер, несиеге берілетін баспананы мемлекет емес, жеке құрылыс компаниялары салатын болады.
Бүгінгі таңда статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тек ірі қалаларда ғана емес, ауыл мен аудандарда да баспанаға мұқтаж жандардың саны жетерлік. Олардың ендігі үміті «Нұрлы жер» бағдарламасында екендігі белгілі.