Басталған жобаларды аяқтау және күрделі мәселелерді шешу үшін Елбасы нақты тапсырмалар берді - Жабал Ерғалиев

Сол мақсатта сенатор Ақмола облысының Қорғалжын ауданында болып, Кеңбидайық, Арықты ауылдық округтерінің халқымен, мектеп оқытушылары және жастармен кездесті.
Бұл проблеманы 2017 жылға дейін толықтай шешуге үш жылдық бюджетте қарастырылған қаржы жетпейтіндігін ескерген Елбасы, Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бөлуді тапсырды да, тағы бір өзекті мәселе, мектеп жасына дейінгі балалар мекемелеріндегі орын тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бөліп отыру қажеттілігін айтты.
«Елбасы біздің өсіп өркендеуіміз үшін бәрін де жасап келеді», - деді Ж.Ерғалиев. Оның айтуынша, Елбасы жаңа Жолдауында Ұлттық қор қаржысын қалай және қайда жұмсауды нақты көрсетті.
«Қазақстандықтар үшін аса маңызды өмірлік сала шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлінбекші. Ал, 2015 жылы банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелерді сатып алу үшін проблемалы несиелер қорын қосымша 250 миллиард теңге көлемінде капиталдандыруды қамтамасыз ету керек. Бұл - Қазақстанға жаңа инвестициялар тартуға қолайлы жағдайлар жасауға қажетті шараның бірі. Бұл мақсаттың басты нысанында 2015 жылы «құрғақ порттың» бірінші кешені құрылысын аяқтау тұрса, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард теңге бөлу белгіленді.
Дүниежүзілік нарықта мұнай мен экспорттық өнімдер бағалары айтарлықтай жоғары болған кезеңдерінде солардан түскен табыстарды Ұлттық қорға жинап келген Елбасы енді өз елі мен халқының игілігі үшін жинаған сол қаржыны сол елі мен сол халқының игілікті мүддесіне жұмсауды жөн санады. Әуелгі 10 миллиард доллар 2007-2009 жылдарда кезіккен дағдарысқа қарсы күреске бағытталса, биылғы жылдың ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша, яғни екі бөліп, 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданған да болатын. Енд Мемлекет басшысы Ұлттық қордан осы бір триллион теңгенің екінші бөлігін, яғни, 500 миллиард теңге көлеміндегі қаржыны Қазақстан бойынша басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін жұмсауға Үкіметке нақты тапсырмалар берді», - деді сенатор.
«...Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз - Ел бірлігі болуы керек!» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан осы бір аталы сөзі біздің әрқайсымыздың жадымызда болуы керек»,- дейді Ж.Ерғалиев.