Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бастауыш сынып оқушыларына жасанды интеллектіні үйретудің қажеті бар ма

АСТАНА. KAZINFORM – Бастауыш сынып оқушыларына жасанды интеллект туралы бастапқы түсінік беру олардың цифрлық ортада қауіпсіз әрі саналы әрекет етуіне бағытталады. Бұл туралы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы орта білім институты директорының орынбасары Пернегүл Таубай журналистердің сұрағына жауап берді.

в
Фото: ОКҚ

Журналист маманнан бастауыш сынып оқушыларына жасанды интеллектті оқытудың қаншалықты қажет екенін және жаңа пән мазмұны қазіргі цифрлық өзгерістерге қаншалықты бейімделгенін сұрады.

Пернегүл Таубайдың айтуынша, 1-4-сыныптарда бұрын оқытылып келген «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» болып өзгертіледі. Бұл ретте пәннің атауы ғана емес, мазмұны да жаңартылады.

– Бүгінде балалар жасанды интеллектті өз деңгейінде қолданып жүр. Сондықтан педагогтің басшылығымен оларға бірден күрделі цифрлық құралдармен жұмыс істеу емес, алдымен жасанды интеллект туралы қарапайым түсініктер мен алғашқы ұғымдар беріледі, – деді ол.

Оның айтуынша, жасанды интеллектті қауіпсіз қолдануды үйрету бастауыш сыныптардағы басты бағыттардың бірі. Жаңа бағдарламада медиасауаттылық пен жасанды интеллектке қатысты арнайы бөлім енгізіліп, онда 13-14 оқу мақсаты қамтылған. Атап айтқанда, оқушыларға жеке деректер мен ақпаратты қорғау, цифрлық қауіпсіздік, жасанды интеллектті жауапкершілікпен пайдалану және этикалық талаптарды сақтау түсіндіріледі.

Ал 5-9-сыныптарда бұл тақырыптар «Информатика» пәнінің мазмұнына кіріктіріледі. Атап айтқанда, деректерді өңдеу, медиасауаттылық және киберқауіпсіздік бағыттары қамтылады.

– Әр сыныптың жас ерекшелігіне қарай цифрлық сауаттылықтың бастапқы деңгейлері, жасанды интеллектті дұрыс пайдалану, академиялық адалдықты сақтау, қауіпсіздік және саналы қолдану дағдылары оқу бағдарламаларына енгізіледі, – деді Пернегүл Таубай.

Сонымен қатар педагогтер үшін жаңа бағдарламаларды оқытуға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленген. Онда жасанды интеллектке қатысты тақырыптарды сабақта қолдану тәсілдері мен нақты үлгілер ұсынылады. Академия өкілінің айтуынша, оқу жылы барысында педагогтерге әдістемелік және түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі.

Айта кетейік, елімізде биыл бастауыш сыныптарда бағалаудың жаңа тәсілдері енгізіледі.