Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бастауыш сыныптарда бұрын бағаланбаған пәндер бойынша да бағалау жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – 1 қыркүйектен бастап бастауыш сынып оқушыларының оқу нәтижелері барлық оқу пәндері бойынша бағаланады. Бұған дейін жеке бағаланбаған цифрлық сауаттылық, еңбекке баулу, бейнелеу өнері, музыка және дене шынықтыру пәндері бойынша да формативтік бағалау жүргізіліп, аралық бағалау тоқсанына бір рет өткізіледі.

Русские школы могут исчезнуть в Жамбылской области: дефицит педагогов становится острее
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді. 

Оның айтуынша, аталған пәндердің барлығы бастауыш білім берудің жалпы мазмұнына кіреді және баланың белгілі бір білімі мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан оқу бағдарламасында белгіленген нәтижелердің барлық пән бойынша көрініс табуы маңызды.

Бұл қосымша жазбаша бақылау жұмыстарын көбейтпейді. Керісінше, пәннің ерекшелігіне сәйкес сабақ барысында орындалатын практикалық, шығармашылық, жобалық, зерттеу, спорттық, жеке және командалық жұмыстардың нәтижесіне негізделеді, – деді Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында.

Бірінші вице-министр Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект пәніне де тоқталды.

Оның айтуынша, биыл пәннің мазмұны жаңартылып, оқушының цифрлық ортада қауіпсіз әрекет етуі, ақпаратпен жұмыс істеуі, цифрлық құралдарды жауапты пайдалануы және жасанды интеллект мүмкіндіктерін саналы қолдануы ескеріледі.

Ал Еңбекке баулу пәні арқылы оқушы жұмысты жоспарлау, материалдар мен құралдарды дұрыс пайдалану, бастаған ісін соңына дейін жеткізу, ұқыптылық таныту және өз еңбегінің нәтижесіне жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастырады.

Бейнелеу өнері шығармашылық ойлауды, визуалды қабылдауды және өз идеясын бейнелеу құралдары арқылы жеткізуді дамытуға бағытталған.

Музыка пәнінде орындаушылық және шығармашылық қабілеттер, есту мен ырғақ сезімі, сондай-ақ эмоционалдық қабылдау ескеріледі.

Ал дене шынықтыру пәнінде оқушының нәтижесі басқа балалармен салыстырылмайды. Мұнда оның қимыл-қозғалыс дағдыларын меңгеруі, қауіпсіздік талаптарын сақтауы, жеке және командалық жұмыстарға қатысуы бағаланады.

– Осылайша, барлық пән бойынша бағалау баланың тек академиялық білімін емес, оның цифрлық, практикалық, шығармашылық, орындаушылық және қимыл-қозғалыс дағдыларындағы ілгерілеуін де көрсетуге мүмкіндік береді, – деп қорытындылады спикер.

Айта кетейік, мектептегі аралық бағалау не үшін керек екенін жазғанбыз.