Батыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғалары неліктен жиілеп кетті
Батыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Бір ғана қыркүйек айында бірнеше адамның өмірін қиған апаттар болды. Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісі БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншинмен осы оқиғалардың себеп-салдарына үңіліп көрді.
- Жанболат Жасқайратұлы, жолдағы қауіпсіздікті сақтау аса маңызды мәселе екендігі анық. Жол үстінде адам өмірінің қиылуы қаншама отбасына қайғы әкеледі. Осындай апаттардың жиілеуінің себебі неде деп ойлайсыз?
- Ең алдымен, жүргізушінің қарапайым жол ережесін сақтамауына байланысты дер едім. Жүргізуші рульге отырып, сапарға шыққаннан кейін өзінің ғана емес, автокөліктегі адамдардың өмірі мен денсаулығына жауапты болуы тиіс.
Биылғы тоғыз айда облыс бойынша 379 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 73 адам мерт болды, 379-ы түрлі жарақат алды. Жол апаттары мен жарақаттанғандар саны өткен жылғыдан өскен. Ал қаза тапқандар саны 2 адамға кем болғанымен, өткен қыркүйек айындағы жол апаттары жан түршігерлік қазаға соқтырды. Солардың себебіне үңіліп көрсек.
Республикалық маңызы бар Самара-Шымкент жолында жеңіл автокөлік жүк көлігінің тіркемесіне соғылып, бір отбасынан алты адам көз жұмса, соның төртеуі – бала. Мұнда жүргізуші қалғып кеткен немесе басқа бір нәрсеге алаңдаған.
Сондай-ақ, облыстық маңызы бар Орал-Кирсанов тасжолында «Лада Гранта» мен «ВАЗ-2112» автокөліктері түйісіп, төрт адам ажал құшты. Оқиға орнына барғанда көз жеткізгенім, «Лада Гранта» автокөлігінің жүргізушісі жылдамдықты шектен тыс арттырған, спидометр 120 км-да тұрып қалған. Соның кесірінен бұрылыста ағашқа соғылмас үшін жалтарғанда рульге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кеткен.
Ал Орал-Тасқала жолында «Volkswagen Golf» автокөлігінің 82 жастағы жүргізушісі өзінің мүмкіндігін ескермей, бұрыламын дегенде қарсы келе жатқан «Тойота Камримен» соқтығысқан. Сөйтіп, қос жүргізуші де о дүниелік болды.
Үш оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды, бірақ жүргізушілердің бәрі де қайтыс болып кеткен, ешқайсысын жауапқа тарта алмайсың.
Міне, жол қозғалысына қатысушылардың өздері тәртіп сақтамайынша, апаттың алдын алу қиын. Әр автокөлікке бір полиция қызметкерін бөліп, бақылау орнату мүмкін емес.
- Дегенмен, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында жұмыстар жасалып жатқан шығар?
- Әрине. Мына деректерге көз жүгіртейік. Биыл жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 13 жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіліп, 127 754 жол ережесін бұзудың жолы кесілді. 885 адам жүргізуші құқығынан айырылды. 116 506 адамға 1 млрд 356 млн теңге айыппұл салынды. Жолдарға 1 175 тексеру жүргізіліп, дұрыс ұстамағаны үшін 152 лауазымды қызметкер, соның ішінде 16 бірінші басшы жауапқа тартылды. Берілген ұйғарымды орындамаған 4 лауазымды қызметкер де жазасыз қалған жоқ.
Жол-көлік оқиғаларының Орал-Атырау жолында жиі тіркелетіні белгілі. Соның алдын алу бағытында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері сағатына 105 шақырым жылдамдықпен жол бойында екі жақтан жүріп отырады. Егер жүргізуші жылдамдығын 110 шақырымнан асырса, жол ережесін бұзушылық бірден тіркеледі.
-Сол Орал-Атырау жолында «Сергек» қондырғысын орнатуға болмай ма? Жол ережесін бұзушылықты дереу анықтау үшін қандай заманауи құрылғылар қолданылады?
- Бәрі де қаражатқа байланысты. Биыл Оралда қосымша 21 учаскеде жылдамдықты өлшейтін автоматты қондырғы жүйесі орнатылды. Ақсайда 15 қондырғы жаңадан қойылды. Алайда, кейбір жүргізушілер сондай тұстарға келгенде, жылдамдығын баяулатады да, өткеннен кейін өзінің тез жүрісіне қайта басады.
Екіншіден, соңғы кезде жолды бақылау үшін дрондар қолданыла бастады. Бұл да тиімділігін көрсетті.
Күні бүгін мемлекеттік сатып алу жолымен қазіргі заманғы 3 «Кибер-Шериф» жүйесін алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның артықшылығы, бұл жүйе тікелей жолда жүріп келе жатып, қозғалысты бақылауға мүмкіндік береді. Келесі жылы осындай тағы 7 қондырғы алу көзделіп отыр.
Оған қоса, облыс басшылығының қолдауымен екі патрульдік полиция батальонына жаңадан 90 автокөлік алынбақшы.
-Жол-көлік оқиғаларына автокөліктердің көбеюі, жолдың тарлығы мен ескіруі де әсер ететін шығар?
- Соңғы бес жылда облыста автокөлік саны 66 704-тен 181 612-ге немесе 2,7 есеге өсті. Соған сәйкес жүргізушілер санының да көбейгені анық. Екіншіден, иә жолдың инфрақұрылымын жақсартпайынша, апатты жағдайды тұрақтандыру қиын.
Айталық, көлік тоқтаусыз ағылып жататын, республикалық маңызы бар Самара-Шымкент және Орал-Атырау жолдары үшінші санатқа жатады, яғни оның ені 8 метрден аспайды. Жүргізуші алдындағы автокөлікті басып озған кезде бір-біріне тақалып өтеді. Алдынан көлік келіп қалса, бұрылып үлгермейді. Осы екі жолда кейінгі бес жылда 334 оқиға тіркеліп, 192 адам қаза тапты, 509-ы жарақат алды.
2019 жылы Орал-Атырау жолын бірінші санатқа ауыстыру жөнінде департамент тарапынан ұсыныс енгізіліп, ол қолдау тапқанымен, жобаны жүзеге асыру кешеуілдеп тұр. Былайша айтқанда, ортасы бөлінген төрт жолақты жол салынса, жүргізушілерге әлдеқайда ыңғайлы болар еді.
-Жол апаты салдарынан етжақындарынан айырылғандар айыпты деп танылған жүргізушілерге жазаны қатаңдату қажеттігін айтып жатады. Бұған не қосар едіңіз?
- Әр оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті заңнамаға сәйкес қорытынды жасалады. Іс материалдары сотқа жіберіліп, үкім не шешім шығады. Бәрі де заң аясында, біз артық ештеңе жасай алмаймыз.
-Жол бойында малдың жиі жүретіні жасырын емес. Осыған байланысты не айтасыз?
- Иә, мал бағусыз жүретіндіктен, мұндай оқиғалар болып жатады. Биыл үй жануарларының қатысымен тіркелген жол апаты 25 пайызға (60-тан 75-ке) өсіп, мерт болғандар саны 100 пайызға (1-ден 2-ге), жарақат алғандар 5,5 есеге (2-ден 11-ге) көбейіп кетті.
Біз тікелей міндетіміз болмаса да, қараусыз малды иесі анықталғанша арнайы тұраққа қамауға мәжбүрміз. 2 603 мал иесі жауапкершілікке тартылғанымен, мәселе шешілер емес. Мал бағылмайды, жол бойында қоршаулар орнатылмайды. Күндіз ештеңе емес, жүргізушілер байқайды, автокөліктер малға көбіне түнгі уақытта соғылып жатады. Мал иесін жауапқа тартқаннан не пайда, егер адам өмірін қиып кетіп жатса. Қорыта айтқанда, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәртіп сақшыларымен қатар, осы салаға қатысы бар мекемелерден бастап қатардағы жүргізушілерге дейін үлес қоса білуі керек. Алда күн райының қолайсыз уақыты келе жатыр. Сондықтан жолды күтіп ұстаудың да мәні зор.
Осы тақырыпқа қатысты 45 жыл жүргізушілік өтілі барОрал қаласының тұрғыны Ілияс Дәулетов те пікір білдірді.
«Жол қозғалысы ережесін сақтамайтындар аз емес. Әсіресе, жастар жылдамдықты шектен тыс арттырады, бағдаршамның қызыл шамы жанып тұрса да, өтіп кетіп жатады. Кейде тұрған көліктің артынан қойып кетеді. Сосын көліктің иесі қашан келеді деп күтіп тұрғаның. Демек, жүргізушілердің мәдениеті төмен. Қалалар мен аудан-ауылдарға қатынайтын таксистер сағатына 150-160 шақырым жылдамдықпен жүреді. Ол ол ма, салонға жолаушы толтыру үшін баратын жермен телефон арқылы алдын ала сөйлесіп келе жатады. Қатты айдама деп ескерту жасасаң, елемейді. Тағы бір айта кететін жайт, жол бойындағы малдың көптігі. Бір ғана мысал, жуырда жиенім Чапаев-Жаңақала жолы бойында қас қарая шауып шыға келген жылқыға соқтығысып, әйелі мүгедек болып қалды. Жақында алған автокөлігін 2,5 млн теңгеге жөндетті. Мал иесі табылған жоқ. Қысқасы, жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін көтеру керек», - деді ол.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 2 автокөлік соқтығысып, 4 адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстанда жол апатынан екі жүргізуші мерт болды.
Оралда көлік ағашқа соғылып, 2 адам қаза тапты.