Батыс Қазақстанда 140-тан астам адам жіті ішек жұқпаларымен ауырған

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы үш айда 143 адамның жіті ішек инфекцияларымен ауырғаны тіркелді.

инфекция
Фото: Report

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз маманы Кенжегүл Мұхитованың мәлім еткеніндей, бұл өткен жылдың осы кезеңімен (120) салыстырғанда, 19,6 пайызға көбейіп кетіп отыр.

Оның сөзіне қарағанда, соның 108-і — 14 жасқа дейінгі балалар. Нақтыланған ішек жұқпалары — 134 (104-і — 14 жасқа дейінгі балалар). 8 ішек жұқпасы (төртеуі — 14 жасқа дейінгілер) нақтыланбаған. 

Сондай-ақ биылғы үш айда бір адам дизентериямен (өткен жылы осы мерзімде — 3) сырқаттанған. 

— Жіті ішек инфекциялары — әртүрлі бактериялар, вирустар немесе қарапайым паразиттер тудыратын және интоксикация, іштің ауыруы, диарея және құсумен бірге жүретін асқазан-ішек жолдарының аурулары. Диареядан, құсудан және іштің ауырсынуынан басқа, аталмыш ауру белгілеріне температураның жоғарылауы, әлсіздік, жүрек айну, тәбеттің болмауы және кейбір жағдайларда дегидратация жатады, — деді К.Мұхитова. 

Маманның айтуынша, аталмыш дерт фекальды-оралды жолмен, яғни ластанған тағамды немесе суды тұтыну арқылы және науқас адаммен байланыс арқылы беріледі. Сондықтан жеке бас гигиенасының қарапайым ережелерін сақтау бұл инфекциядан қорғануға көмектеседі.

Ішек жұқпасы жылдың кез келген уақытында пайда болуы мүмкін, бірақ оның шырқау шегі жазғы маусымға келеді. Жазда ауа райының ыстық болуына байланысты дизентерия, сальмонеллез, іш сүзегі және тырысқақ сияқты бактериялық инфекциялар жиі кездеседі.

Жазғы кезеңде жіті ішек инфекцияларының алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін сақтау, тамақтанар алдында, дәретханаға, көшеге және қоғамдық орындарға барғаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу қажет. Тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды, таза тағамдарды тұтынып, басқа да қауіпсіздік талаптарын сақтау керек. Шомылу кезіндегі ережелерді ұмытпаған абзал.

— Аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда дереу дәрігердің көмегіне жүгіну және өзін-өзі емдемеу маңызды. Жедел ішек инфекциясы, әсіресе, балалар мен қарт адамдардың денсаулығы үшін қауіпті. Сондықтан алдын алу шараларын есте ұстаған жөн, — деп қосты К.Мұхитова. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 70-тен астам адамның туберкулезге шалдыққаны туралы жазған болатынбыз.