Батыс Қазақстанда 70-тен астам адамның туберкулезге шалдыққаны тіркелді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында туберкулезбен ауырғандар саны көбейіп кетіп отыр.

медики
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз маманы Кенжегүл Мұхитованың мәлім еткеніндей, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыста туберкулездің белсенді түрімен 71 науқас тіркелді. Бұл өткен жылғы осы кездегіден 13 адамға артық.

- Туберкулез бойынша жағдай алаңдатарлық. Жұқпалы дерт облыстың барлық ауданында тіркеліп отыр. Сонымен қатар туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші өткен жылғымен салыстырғанда өзгеріссіз қалды, - деді К.Мұхитова.

Оның айтуынша, туберкулез – әлеуметтік мәні бар жұқпалы аурулардың бірі. Сондықтан мұның алдын алу шараларын күшейту маңызды. Осы орайда жыл сайын профилактикалық тексерулерден (флюорографиядан) уақытылы өту, балаларға БЦЖ вакцинациясын дер кезінде алу қажет.

- Жөтел, әлсіздік, салмақ жоғалту сияқты белгілер байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралған жөн. Жеке бас гигиенасын сақтап, дұрыс тамақтану және иммунитетті нығайту (дене белсенділігі, таза ауада серуендеу) керек. Сондай-ақ ауру анықталған жағдайда емді үзбей, толық қабылдау, тұрғын үй-жайларды жиі желдетіп, тазалық сақтау, қоғамдық орындарда санитариялық талаптарды бұзбау маңызды, - деп қосты К.Мұхитова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғынының сал ауруына шалдыққаны анықталғанын жазған болатынбыз.