Батыс Қазақстанда 260 шақырым жергілікті жолдарды жөндеу көзделіп отыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биыл жергілікті жолдарды жөндеуге 44,2 млрд теңге қарастырылды.

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, осы қаржыға 260,7 км жергілікті жолдар жөнделмек.
Оның сөзіне қарағанда, соның ішінде жалпы ұзындығы 221,5 км облыстық (7 жоба) және аудандық маңызы бар (16 жоба) автожолдарды жөндеуге 38,9 млрд теңге бөлінді. Оған қоса «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5,2 млрд теңгеге 15 елді мекенде 38,8 км ауылішілік жолдарға асфальтбетон жабыны төселмек.
- Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау да аса маңызды. Бұл жұмыстармен 37 мердігер ұйым (облыстық жолда – 8, аудандарда – 29) айналысады. Олардың теңгерімінде 265 арнайы техника бар. Өткен жылы жолдың жүріс бөлігінде 11 058 шаршы метр шұңқыр жабылып, жол жиегіне жаңадан 737 жол белгісі орнатылды. Қысқы уақытта жол жиегінде өскен теректер қардың тоқтауына себеп болып, жол жүрісіне кедергі келтіреді. Осыған орай облыстық маңызы бар Орал-Кирсанов, Барбастау-Ақжайық-Индербор, Теректі-Ақсай, Ақсай-Приуральный жолдарындағы теректерді тамырымен жұлуға 280 млн теңгеге «Бәйтерек Жол Құрылыс» ЖШС-мен екі жылға келісім-шарт жасалып, тиісті жұмыстар атқарылды, - деді М.Қуаншалиев.
Оның айтуынша, 2024 жылы 34,8 млрд теңгеге 250,8 км жергілікті жолдар жөнделді. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 8,8 млрд теңгеге 88 км ауылішілік жолдар ретке келтірілді.
Басқарма басшысы Kazinform тілшісінің сауалына орай Жаңақала-Сайқын жолының (307-337) құрылысында өткен жылы қиындықтар болғанын, биыл жалғасып жатқанын жеткізді.
- Облыстық маңызы бар Алгай-Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу жолын салу да өзекті болып отыр. Қазіргі таңда Жалпақталдан Жұлдызға және Жалпақталдан Ақпәтерге қарай жиырма километрден екі жоба дайын. Қаражат тапшылығына байланысты жол құрылысы әзірге басталмай отыр. Келесі жылы іске кірісеміз бе деп отырмыз, - деді М.Қуаншалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шалғай ауылдарға асфальт жол қашан салынатынын жазған болатынбыз.