Батыс Қазақстанда шалғай ауылдарға асфальт жол қашан салынады

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында қатқыл табанды жолы жоқ шалғай ауылдар баршылық. Мәселені Kazinform тілшісі зерделеп көрді.

жол
Фото тұрғындардан

Жаңақала жолы

Тұрғындарды алаңдатып отырған бағыттың бірі ретінде Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолын айтуға болады. 

Соңғы жылдары Жаңақала ауданы орталығы Жаңақаладан Мәстексай мен Жаңақазан ауылдары бағытында қатқыл табанды жол салынып жатқаны белгілі. 

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиевтің мәлім еткеніндей. Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолы (130-191 км) құрылысы 2021 жылы қолға алынды. Түзетулер енгізілгеннен кейін оның жалпы құны 18,8 млрд теңгеге жетті.

Мердігер ұйым — «Uniserv» ЖШС. «Строй Потенциал» ЖШС техникалық қадағалауды жүзеге асырады. Авторлық қадағалау «Уралводпроект» ЖШС еншісінде.

а
Фото: БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

— 2024 жылға дейін 13 шақырым жолға асфальтбетон жамылғының төменгі төсемі салынды. 2023 жылы жол-құрылыс материалдары бағасының күрт қымбаттауына байланысты жобаның сметалық құны түзетуге жіберілді. 2024 жылы жоба бойынша 4,5 млрд теңге (3,2 млрд теңге — республикалық, 1,3 млрд — жергілікті бюджеттен) бөлініп, 18 шақырымға асфальтбетон жамылғысының үстіңгі, сондай-ақ 20,6 шақырымға төменгі төсемі төселді. 2025 жылға дейін барлығы 31 шақырымға асфальт салынды, — дейді басқарма басшысы.

Оның түсіндіруінше, 2025 жылға 4,3 млрд (3,9 млрд теңге — республикалық, 0,4 млрд — жергілікті бюджеттен) теңге қарастырылып, 15 шақырымға жол салу жоспарланған.

Қазіргі кезде айналма жол салынып, жол шеті нығайтылуда. Таяу уақытта топырақ қабатын әзірлеу жұмыстары басталады. 

Жаңақала ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Закария Сисенғали жол сапасы көңіл көншітпейтінін айтады. 

Оның пікірінше, негізінде Жаңақала-Мәстексай-Жаңақазан жолы бітетін мерзімі болып еді. Әйтсе де биыл 15 шақырым жол салынып, 20 шақырымы келесі жылға қалмақшы.

Жол құрылысын жүргізушілердің өздері бір жағын бүтіндеп жатқанымен, екінші жағын бүлдіріп жатады. Өйткені салмағы 60 тонналық Shacman жүк көліктері бұрын салынған жолдың бәрін қиратып кетеді. 

— Бұған дәлел ретінде Ақжайық ауданы Битілеу мен Жаңақала ауданы Қызылоба ауылы арасындағы шұрқ-тесік жолды айтуға болады. Ар жағы да оңып тұрған жоқ. Сонда Жаңақазанға дейін жеткенше Мәстексай жолы да жарамсыз болуы мүмкін. Ендеше, ауыр жүк көліктерін уақытша жол салып, сонымен неге жүргізбеске?! Екіншіден, жол бойында аялдамалар орнатылғаны жөн. Болашақта Бөкей ордасы ауылдарынан келе жатқан жолаушылар да ұзақ жолда тынығар еді. Тағы бір айтатын жайт — ұзындығы 12 шақырым Мәстексай-Айдархан жолының елеусіз қалып отырғаны. Айдарханда 2 мыңнан астам адам тұрады. Олар да жол азабын тартып келеді, — дейді З.Сисенғали.

Бисеннен басталған жұмыс неге баяу?

Сонымен қатар Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолының 307-337 шақырымы аралығын күрделі жөндеу көзделген. Яғни Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылынан Жаңақалаға қарай 30 шақырымға жол салынбақшы. 

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне қарағанда, бас мердігер — «СМУ-5» ЖШС-мен өткен жылы 9 млрд 465 млн 307,6 мың теңгеге келісімшарт жасалған.

Техникалық қадағалау жұмысын 210 млн 493,7 мың теңгеге атқаруға «ИК Добро» ЖШС келіскен. «Казахский Промтранспроект» авторлық қадағалауды (80 млн 559,6 мың теңге) қолға алған.

Келісімшарт мерзімі — 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін.

Былтыр жобаны жүзеге асыру үшін 970 млн 167,2 мың теңге бөлінгенімен, соның 644 млн 081,4 мың теңгесі ғана игерілген. 326 млн 085,8 мың теңгесі 2025 жылға ауысқан.

Аталған қаржыға өткен жылы 5,2 шақырым айналма жол салынып, 750 метрге топырақ қабаты, 750 метрге қосымша төсем және қиыршық тасқа негіз салынған.

6 791 тонна қиыршық тас, 3 200 тонна құм-қиыршық тас қоспасы әзірленген. 

а
Фото: БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

— Биыл жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, сол қаржыға 5 шақырымға асфальтбетон жамылғысын салу жоспарланған. Жұмысты сапалы аяқтау үшін бас мердігер «СМУ-5» және қажетті тәжірибесі мен жол-құрылыс техникасы жеткілікті «IntelАвтЭнергоГрупп» ЖШС арасында келісімшарт жасалды. Күні бүгін айналма жол, негізгі жол төсемі салынуда, — деді басқарма басшысы.

Бөкей ордасы Бисен ауылының тұрғыны Есболат Мұхамбетов жол құрылысы баяу жүріп жатыр деп есептейді.

Бисеннен Жаңақалаға қарай жол өткен жылы басталуы керек еді. Алайда жұмыстың тиянақсыз жүргізілуі салдарынан отыз шақырым жолдың қашан бітетіні белгісіз. 

— Әлі күнге дейін жол Бисен ауылынан шыққан жоқ. Компаниялардың бір-бірімен келіспеушілігі де бұған себеп деп ойлаймын. Тағы бір түсінбейтінім, қаржыны игере алмайтын болса, мердігер ол жұмысты неге мойнына алады? Оған неге шара қолданылмайды? Егер керекті материалдарды алдын ала дайындап қойып, көктемде бастап кетсе, бұлай болмас еді. Мұндай қарқынмен ауданның Жаңақала бетіндегі Бөрлі, Ұялы, Саралжын ауылдарына жолдың қашан жететінін айту тіпті қиын, — деді Е.Мұхамбетов.

а
Фото: БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

Асфальт Есенсай ауылына қашан жетеді?

Тағы бір маңызды бағыт — Барбастау-Ақжайық-Индер (93-145 км) жолын күрделі жөндеу жобасының жалпы құны — 20 млрд 523,540 млн теңге. Бұл нысан бойынша жұмысты бас мердігер «Uniserv» ЖШС (техникалық қадағалау — «ИК Добро», авторлық қадағалау — «Уральский Каздорпроект» ЖШС) өткен жылы бастаған.

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиевтің сөзіне қарағанда, 2024 жылы 2 млрд 240,670 млн теңге игеріліп, 10,8 шақырымға топырақ қабаты, 9,3 шақырымға құм-қиыршық тас қоспасы, 6,4 шақырымға қиыршық тас, 4,2 шақырымға қара қиыршық тас, 400 метрге ірі түйіршікті асфальтбетон төселіп, 14,6 шақырым айналма жол салынған.

Биыл 9 млрд 410,524 млн теңгеге 25 шақырымға асфальтбетон жамылғысын салу жоспарланған. Күрделі жөндеудің соңғы нүктесі — Ақжайық ауданы Есенсай ауылына дейін жол 2026 жылы жетпекші.

Есенсай ауылында туып-өскен Біржан Сапиев Жайықтың сол жағалауы тұрғындарының кеңес дәуірінің 70 және тәуелсіз Қазақстанның 35 жылында жол тауқыметін көріп келе жатқанын тілге тиек етті.

Оның мәлімдеуінше, мұнда елді мекендер әр 25-30 шақырым сайын тығыз орналасқан, жасыл желегі жетерлік, шалғыны, жері шұрайлы. Ең өзекті мәселесі — осы жол.

Күз бен көктемде, жазда жаңбыр мен қыста боранда аудан орталығы Чапаев ауылы мен Оралға екі-үш күндеп әрең жетеді, тіпті далада қалып жатады. 

Жайықтың арғы бетіндегі асфальт жолға төте шығу үшін амалы жоқтықтан Есенсай, Базартөбе сияқты ірі ауылдар тұсынан паромсымақ салып, жандарын шүберекке түйіп, машина мен адамдарды өткізіп келеді. Ол да уақытша ғана. 

Қаншама адам мен көлік су түбіне кетті. Қыс мезгілінде Жайықтың бетінде 10-15 сантиметр мұз қатса болды, «өмір жолын» салып, құдайдың құтты күні қалтырап-дірілдеп тағы өткел жасап жүргендері.

Тұрғынның дерегінше, Барбастау-Ақжайық-Индер жолының басталғанына бес жылдың жүзі болды. Қаржыландыруға, мердігерлердің жауапсыздығына байланысты түрлі сылтаулармен сағызша созылып, жылына 10-15 километрден әзер жылжуда. Оның үстіне салынып жатқан жолдың ені өте тар, қарама-қарсы келе жатқан машиналар әзер сыйып өтерліктей. 

Екіншіден, былтыр ақаулары өте көп болды. Жылға жетпей, асты опырылып, көптеген жерлерде үлкен ойықтар пайда болды. Оны сол жол салушы мердігердің Shacman сияқты ірі тоннажды көліктерінің салмақтарынан деп түсіндіреді білетіндер. Жол құрылысы кезінде соның бәрін неге ескермейді?! 

— Жол сапасы сын көтермейтінін, мердігердің техника, адам күштерінің жетіспейтінін, құрылыстың өте баяу жүріп жатқанын жуырда облыс әкімі Нариман Төреғалиев те айтты. Аталмыш жолдың экономикалық тиімділігі өте зор. Біріншіден, ол Жайықтың сол жағалауындағы елдің әлеуметтік мәселесін шешеді. Екіншіден, Жайықтың оң жағалауындағы Атырау-Орал тас жолының жүктемесін азайтып, жол қауіпсіздігіне өлшеусіз үлес қосар еді. Үшіншіден, облыс үшін болашағы зор «Сәтимола» калий тұзы кен орнын игеру үшін инвестиция тартуға, сол жақ жағалау халқының жұмыссыздық мәселелерін шешуге септігін тигізер еді. Сондықтан тез арада қаржыны мейлінше көп бөліп, бірнеше мердігер компанияны жол жұмысына тарту керек. Сонда ғана тұрғындардың жанайқайына айналған Барбастау-Ақжайық-Индер жолының мәселесі шешімін табары анық, — деді Б.Сапиев.

Қабансай жолы

Соңғы жылдары тұрғындар наразылығын тудырып жүрген облыстық жолдың бірі Казталов ауданы аумағында орналасқан.

Алгай-Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу жолында (6-170 км) асфальтбетон мүлдем төселмеген. Соның 50-70 және 70-90 шақырым бөлігіне қатқыл табанды жол салу ойластырылуда. 

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Қуаншалиев бұл өзекті мәселені білетіндігін, жолаушылар мен жүк тасымалдауда аталмыш жолдың маңызы зор екендігін жеткізді.

Топырақ жолдың ені 12-14 метр шамасында, жабыны мүлдем қанағаттанғысыз, кей жерлерде сай да кездеседі. 

— 2022 жылы жобалық-сметалық құжаттама жасауға жергілікті бюджеттен 28,5 млн теңге қаралды. Бас жобалаушы «Уральский Каздорпроект» болса, қосалқы мердігер — «АИС Проект» ЖШС. Жолдың 50-70 шақырымын күрделі жөндеу құны 2022 жылы 10 млрд 472 млн 284,285 мың теңге болып есептелген. Ал 2023 жылы бекітілген 70-90 шақырым бөліктің құны 7 млрд 351 млн 989,9 мың теңгеге шыққан. Бұл жолдың құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылы басталмақшы, — деді М.Қуаншалиев.

Казталов ауданы Көмекші ауылында тұратын Мерей Сабырғалиев Жалпақталдан Жұлдыз ауылы бағытындағы жолдың азабын оншақты елді мекен тұрғындары күз, қыс, көктем мезгілдерінде ауа райының қолайсыз кезінде көріп келе жатқанын жасырмады. 

— Кеңес өкіметі құлап, кеңшарлар тарағалы қашан. Міне, сол шақта ұзындығы 8, ені 6 метр Қараөткел көпірі бұзылып, жолаушылар Сакрыл көліндегі суды ұстап қалуға арналған бөгетпен айналып өтіп келеді. Одан өтсең, Қабансай аталып кеткен ойпаң жолға келіп тірелесің. Тіпті кей кездері трактормен өтудің өзі мұң болды. Мұндай кезде орталықпен байланыс үзіліп, тұрғылықты халық аралда қалған адамдардай күй кешеді. Айтыла-айтыла жауыр болған бұл мәселе шешімін тапса, осы маңдағы бүкіл ел қуанар еді, — деді М.Сабырғалиев.

Көмекші ауылының тағы бір тұрғыны Айзада Улянова осыған байланысты өз пікірін қосты.

— Мұны Қараөзен, Көктерек және Жаңажол ауылдық округі тұрғындарының жанайқайы деп түсіну керек. Басшылар білгенімен, ешқандай қозғалыс жоқ. Ауылда тұрған соң, күнкөрісіміз мал екендігі белгілі. Көктем, күз айларында жол қатынасы болмағанда, мал тапсыру былай тұрсын, ауру-сырқауды жеткізу, азық-түлігімізді әкелу қиынға айналады. Тіпті қайтқан адамды жерлеу үшін «ВАЗ», «УАЗ» көліктері жүрмей, трактормен тасымалдаған кездер бастан өтті. Осы уәжімізді тиісті орындар естіп, сең қозғалса екен, — деді А.Улянова.

а
Фото: БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

Шекаралық ауылдар шет қалмасын

Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шекаралас орналасқан ауданның бірі Жәнібек екендігі мәлім. 

Республикалық маңызы бар Чапаев-Жалпақтал-Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы жолының Жәнібек ауданы аумағындағы жалпы ұзындығы — 95,8 шақырым.

Аудан әкімі Тимур Шиниязовтың айтуынша, өткен жылдан бері аталған жолдың 158-165 км бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл салынып біткен кезде бұл жол түгелдей асфальт жабынды болмақшы.

Аудандық маңызы бар автомобиль жолы 260 км болса, соның 94 шақырымына немесе 36,1 пайызына асфальт төселген. 44 шақырымына (16,9 пайыз) құм-қиыршық тас қоспасы салынса, 122 шақырымы (46,9 пайыз) — топырақ жол.

Өткен жылдары Қамысты, Ақоба, Тау, Борсы ауылдарына кірме жолдарда, сондай-ақ Жәнібек-Талов-Сарыөзен бағытында күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. 

— Биыл Борсы-Талов ауылдарының арасындағы Жәнібек-Талов-Сарыөзен автожолының 92-128 км бөлігі 4 млрд 743 млн теңгеге күрделі жөнделмекші. Оған қоса осы жолдың 70-92 км бөлігіне жобалық-сметалық құжаттама жасалуда, — дейді Т.Шиниязов.

Күні бүгін Жәнібек ауданында Ресеймен шекаралас орналасқан ауылдардан Талов пен Жақсыбай ғана қатқыл табанды жолсыз қалып отыр. Жақсыбайда 940, Таловта 754 адам тұрады.

Жол саласының ардагері Қазбек Меңеевтің ойынша, облыста 6 мыңнан астам шақырым жол болса, 200-ден астам елді мекен бар. Соның бәріне бір-екі жылда жол жеткізу мүмкін емес. Өйткені мұның барлығы қаржыға келіп тіреледі.

Сондықтан республикалық жолдар салынған уақытта соған жалғасатын жергілікті жолдар да ұмыт қалмай, жұмыс кешенді атқарылуы керек. Сол ауылдардағы мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар қоса салынса, құба-құп.

Мысалы, Орал қаласынан ең шалғай орналасқан Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқынға жол жеткенімен, ар жағындағы Шоңай сияқты шекаралық елді мекенге тартылмаса, тұрғындар бәрібір қиындық көреді ғой. Жәнібек, басқа аудандар жөнінде де соны айтуға болады. 

а
Фото: БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

— Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолына республикалық мәртебе берсе, қаржыны көбірек бөлуге мүмкіндік туар ма еді. Екіншіден, жолды күтіп ұстауға баса мән берілуі керек. Жол салынғаннан кейін 6-7 жылда күрделі, 2-3 жылда орташа жөндеуден өткізілуі тиіс. Сол секілді жолдарды санатына қарай күтіп ұстауға нормаға сәйкес қаржы бөлінуі қажет. Бізде бұл талаптар сақтала бермейді. Тағы бір айтар жайт, жобалық-сметалық құжаттамалар үш жылға есептеліп жасалған кезде кейін құрылыс материалдары қымбаттап кетеді де, мердігерлерге қиынға тиеді. Осы жағын да ескеру керек. Облыста жолды сапалы сала алатын мердігерлер бар. Бұған мысал ретінде Орал-Тасқала жолын келтіруге болады. Техникалық және авторлық қадағалау мекемелерінің мамандары да өз жұмысын талапқа сай атқарғаны жөн, — деді Қ.Меңеев.

Батыс Қазақстан облысында алыс елді мекендерге жол салу мәселесіне орай мамандар мен тұрғындар пікірін келтірдік. 

Бұдан туындайтын түйін, жол сапасына тапсырыс берушілер де, мердігерлер де, сондай-ақ бақылаушы мекемелер де жауапты болуы тиіс.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жолдар қалай салынып жатқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда жол құрылысы неге кешеуілдеп отырғаны мәлім болды.  

Соңғы жаңалықтар