Батыс Қазақстанда 40-тан астам нысанда құрылыс талаптары сақталмаған

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері құрылыс нысандарында жоспардан тыс 35 тексеру жүргізілді. 

Батыс Қазақстанда 40-тан астам нысанда құрылыс талаптары сақталмаған
Фото: Ғайсағали Сейтақ

БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің мәлім еткеніндей, тексерулердің қорытындысы бойынша 15 млн астам теңге болатын 59 әкімшілік іс қозғалып, қаралды. 

Әлібек Сайынұлының сөзіне қарағанда, жол берілген бұзушылықтарды жою жөнінде 27 нұсқама енгізілді. Сарапшыларды аттестациялау бойынша 276, сондай-ақ заңды тұлғаларды лицензиялауға 180, жобаларды басқаруға 4 қызмет көрсетілді. 

– Мониторинг нәтижесі бойынша 43 нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында құрылыс талаптарын сақтамау деректері анықталды. Соның ішінде 14 құрылыс нысанының рұқсат құжаттамаларынсыз салынғаны белгілі болды. Бұлар жыл соңына дейін бөлшектеледі. Мысалы, Орал қаласында Тәуелсіздік көшесі, 39 және Ж.Досмұхамедов көшесі 33-мекенжайында тұрғын үйлер заңсыз бой көтергенін атап өтуге болады, - деді Ә.Антазиев.

Батыс Қазақстанда 40-тан астам нысанда құрылыс талаптары сақталмаған
Фото: Ғайсағали Сейтақ

Басқарма деректеріне қарағанда, жыл басынан бері құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны жөнінде 150 өтінім, нысанды пайдалануға беру бойынша 247 қабылдау актісі қаралған. 325 техникалық қадағалау есебі тіркелген. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әлібек Антазиевтің БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы болғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар