Батыс Қазақстанда 9 мыңнан аса адам қатерлі ісік ауруларымен есепте тұр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында қатерлі ісік ауруларына шалдыққандар саны жыл сайын өсіп отыр.
БҚО онкологиялық диспансерінің директоры Зейіл Мағзомовтың мәлім еткеніндей, қазіргі уақытта 9 009 адам диспенсерлік есепте тұр.
Оның сөзіне қарағанда, жылына 1 400-дей науқас анықталады.
Биыл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, аурушаңдық көрсеткіші 3,8 пайызға артып отыр. Сырқаттану құрылымы бойынша сүт безі обыры бірінші, өкпе екінші, тоқ ішек үшінші, асқазан обыры төртінші орында тұр.
— Қатерлі ісік аурулары көбеюінің басты себебі — тұрғындардың арасында онкосақтықтың төмендігі. Скринингтен өту қолжетімді, тегін болса да, дер кезінде келмейді. Дерт асқынып, үшінші, төртінші сатыдағы айқын белгілері анықталған кезде ғана дәрігерге жүгінеді. Сондай-ақ дене белсенділігінің төмендігі, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, ішімдікке салыну, темегі шегу ауруға соқтырады. Ең бастысы, әр адам өзінің денсаулығын ойлап, дәрігерге уақтылы қаралып, тексеруден өтіп тұруы қажет, — деді Kazinform тілшісіне З.Мағзомов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да денсаулық сақтау саласында 180 маман жетіспейтінін жазған едік.
Батыс Қазақстанда 10 адам жатыр мойны обырынан көз жұмды.