Батыс Қазақстанда экология саласында 115 заң бұзушылық анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші жартыжылдықта экология департаментінің инспекторлары 39 кәсіпорын мен ұйымда мемлекеттік бақылау іс-шараларын жүргізді.
БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның 14-і — жоспардан тыс тексеру, 16-сы — профилактикалық бақылау. Сондай-ақ біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша 9 тексеру өткізілді.
Мұрат Ермекқалиевтің сөзіне қарағанда, тексеру нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарының 115 бұзушылығы анықталды. Бұларды жою мақсатында 61 нұсқама беріліп, оның 33-і орындалды. Қалған 28 нұсқаманың орындалу мерзімі аяқталмағандықтан, олар тұрақты бақылауда.
— Алты айда жалпы сомасы 2,081 млрд теңгеге 22 әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарылды. Оның ішінде 2,065 млрд теңге жергілікті бюджет кірісіне өндірілді. Айталық, осы жылдың 3–16 ақпан аралығында «ҚПО б. в.» компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1 және 2-бөліктері бойынша, яғни экологиялық рұқсатта белгіленген қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінен асқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам айыппұл салынып, толық көлемде мемлекет кірісіне өндірілді, — дейді Мұрат Ермекқалиев.
Оның айтуынша, 22 әкімшілік істің көпшілігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабы (қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптарды бұзу) бойынша тіркелді. Осы бап бойынша 7 әкімшілік іс қозғалып, 1,5 млн теңге айыппұл толық өндірілді.
Сонымен қатар Кодекстің 328-бабына (қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) сәйкес 3 әкімшілік іс қаралып, 2 млрд теңгеден астам айыппұл мемлекет кірісіне өндірілді.
Департамент мәліметіне сәйкес биылғы бірінші жартыжылдықта атмосфералық ауаға 33,4 мың тонна ластаушы заттар шығарылды, бұл былтырғы осы кезеңмен (45,9 мың тонна) салыстырғанда, 12,5 мың тоннаға (27,3 пайыз) аз.
Шығарындылардың азаюы негізінен екінші санаттағы кәсіпорындарға байланысты, бұларға экологиялық рұқсатты жергілікті атқарушы органдар береді. Атап айтқанда, «Орал» магистральдық газ құбырлары басқармасы жөндеу жұмыстары кезінде табиғи газды айдау көлемінің қысқаруына байланысты шығарындыны 17,8 мың тоннаға қысқартқан.
— БҚО-дағы атмосфералық ауаға шығарылатын барлық зиянды заттардың 48,5 пайызы (16,04 мың тонна) мұнай-газ кәсіпорындарына тиесілі, соның ішінде «ҚПО б. в.» — 8,7 пайыз, «Жайықмұнай» ЖШС — 5,2 пайыз, «Конденсат» АҚ — 3,5 пайыз, сондай-ақ «Орал» магистральдық газ құбырлары басқармасы — 31 пайыз. Бірінші жартыжылдықта облыста атмосфераның жоғары және экстремалды ластану деректері тіркелген жоқ, — деп қосты Мұрат Ермекқалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мұнай өндіруші компанияға 2 млрд астам теңге айыппұл салынғанын жазған едік.