Батыс Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғадан 8 адам зардап шекті

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші тоқсанда өндіріспен байланысты 6 жазатайым оқиға (өткен жылы осы мерзімде – 8) тіркелді.

 өндірістегі жазатайым оқиға
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

БҚО бойынша еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Асылұлан Досжановтың мәлім еткеніндей, жазатайым оқиғалардан барлығы 8 адам (2024 жылы – 9) зардап шегіп, соның екеуі (өткен жылы – 2) қаза тапты. Екеуі (2024 жылы – 5) ауыр жарақат алды. Топтық жазатайым оқиғаларға 4 адам (2) кезікті.

Асылұлан Тұрсынұлының сөзіне қарағанда, биыл 12 арнайы тергеп-тексеру (2024 жылы үш айда – 13) жүргізілсе, соның алтауы (8) өндіріспен байланысты болды.

- Қазіргі уақытта зардап шеккен 6 қызметкерге қатысты 6 арнайы тергеп-тексеру жүргізілуде. Құқық қорғау органдарына 6 материал жолданды, - дейді А.Досжанов.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдар жазатайым оқиғалардың алдын алу және қызметкерлерді қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мысалы, 2024 жылы «Қауіпсіз еңбек» акциясы аясында еңбек инспекторлары 50-ден астам өнеркәсіп және құрылыс ұйымына барып, еңбек жағдайымен танысты. Нәтижесінде жұмыс берушілерге анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша ұсынымдар берілді.

- Профилактикалық іс-шараларға қарамастан, өндірісте жарақаттану оқиғалары орын алуда. Айталық, 2024 жылы 87 жазатайым оқиға (2023 жылы – 72) бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізілсе, соның 64 пайызы өндіріспен байланысты деп танылды. Жалпы, өткен жылы 56 жазатайым оқиға тіркелді, бұл алдыңғы жылғыдан (48) 14 пайызға артық. Соның салдарынан 68 қызметкер зардап шекті, бұл 2023 жылғыдан (56) 17 пайызға көп. Соның ішінде алтауы көз жұмды, 42-сі ауыр жарақат алды, - деді департамент басшысы.

Жүргізілген талдаулар көрсеткеніндей, жұмыс берушілер көптеген жағдайда еңбек заңнамасының талаптарын тиісті деңгейде орындамай отыр. Кейбір жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша тіпті негізгі талаптардың өзіне салғырт қарайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда басына кірпіш құлаған ер адам көз жұмғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар