21:56, 29 Қаңтар 2025 | GMT +5
Оралда басына кірпіш құлаған ер адам көз жұмды
ОРАЛ. KAZINFORM - Орал қаласында басына кірпіш құлаған ер адам мерт болды.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 29 қаңтар күні Г.Жуков көшесі бойында болды.
Тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде биіктіктен кірпіш құлап, сол тұстан өтіп бара жатқан ер адамға тиген.
- Ер адам алған жарақаттары салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 277-бабына сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жәбірленушілерге 5 млн теңге залал келтірген алаяқ ұсталғанын жазған болатынбыз.