Батыс Қазақстанда шаруалар мал қыстағына қаншалықты дайын

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының шаруалары мен тұрғындары қысқа жеткілікті мал азығын жинай алды ма? Әсіресе, төтенше жағдай жарияланған оңтүстік аудандарда хал нешік? Осы орайда Kazinform тілшісі сала мамандарымен, шаруа қожалықтары басшыларымен, тұрғындармен тілдесіп, мәселені саралап көрді. Алдағы қысқа шөп жете ме?

шөп
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтің мәлім еткеніндей, облыс бойынша 2024-2025 жылғы мал қыстағына кіруге жоспарланып отырған 1 млн 66 мың шартты мал басына 2 млн 23 мың тонна шөп, 233 мың тонна жем, сонымен қатар қосымша мал азығы ретінде 11 мың тонна сүрлем, 9 мың тонна пішендеме дайындау көзделген. Өткен жылдан қалған 148 мың тонна шөп қолда бар. 

Рүстем Мүлкәйұлының сөзіне қарағанда, 21 қарашадағы мәлімет бойынша 5712,7 мың га шабындық шабылып (облыстық орташа 3,4 ц/га өнімділікпен), өткен жылғы қалдық шөппен қоса есептегенде барлығы 2 115 мың тонна пішен даярланды, бұл — жалпы қажеттілікке 104,5 пайыз.

Сонымен қатар 8,9 мың тонна пішендеме немесе қажеттіліктің 100 пайызы, 15 мың тонна сабан (105,3 пайыз), 233 мың тонна құрама жем (100,1 пайыз) және 20,5 мың тонна сүрлем (184,7 пайыз) әзірленді. 

жемшөм
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

— Көктемгі тасқын кезеңінде мол су келуіне байланысты облыс аумағындағы 146 мың гектар лимандық шабындықтарға су шығарылды. Лимандық шабындықтардың орташа өнімділігі гектарына 11-14 центнерден келді. Атап айтқанда, Жайық-Көшім суландыру жүйесі бойынша 68,6 мың га, Сарыөзен арнасында 10,3 мың га, Қараөзен арнасында 44,1 мың га, Киров-Шежін және Дюрин-Балықты жайылмаларында 12,5 мың га, Қалдығайты лимандық суландыру жүйесінде 10,0 мың га шабындық бар, — дейді Р.Зұлқашев. 

Биылғы көктемгі күннің салқындығы мен киік санының шамадан тыс артуы облыстың оңтүстігінде орналасқан Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында мал азығын қажетті көлемде дайындауға қиындық келтіргені мәлім. Сонымен қатар осы аудандармен қоңсы орналасқан Жаңақала және Казталов аудандарының 5 ауылдық округінде де қуаңшылық болды. Бұл аумақтарда шөптің өнімділігі әдеттегіден төмен болып, орташа өнімділік гектарына небәрі 1,8-1,9 центнерден айналды.

Осыған байланысты 2 тамызда Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданында, 27 қыркүйекте Жаңақаланың Жаңақазан, Мәстексай, Көпжасар ауылдық округтерінде және Жаңажол ауылдық округінің Сарыкөл ауылы аумағында, 21 қазанда Казталовтың Казталов, Бостандық, Тереңкөл ауылдық округтерінде, Көктерек ауылдық округінің Көктерек, Оразғали, Саралжын және Жаңажол ауылдық округінің Әбіш, Таңат ауылдарында төтенше жағдай жарияланды. 

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, аталған төрт ауданның аумағында гидрометеорологиялық қызмет растаған қалыптан тыс ауа райы жағдайларының орын алуына байланысты қолданыстағы мал шаруашылығын субсидиялау қағидасына сәйкес агроқұрылымдарға ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басының азығына жұмсалған шығын құнын арзандатуды субсидияланып жатыр. 

шөп
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

— Есеп бойынша төрт ауданда 111,6 мың бас сиыр, 124,0 мың бас қой және 43,5 мың бас биені қамту жоспарланып отыр. Бөлінген қаражат көлемі — 3,2 млрд теңге. 21 қарашаға дейін 97,3 мың бас сиыр, 62,1 мың бас қой, 29,1 мың бас биеге 2 млрд 636,7 млн теңгеге төлем жасалды. Бұдан бөлек жеке қосалқы шаруашылықтарды, яғни тұрғындарды мал азығымен қамту аса маңызды. Жергілікті жерде саттықтағы мал азығы болмағандықтан, жеке қосалқы шаруашылықтардың жемшөпке қажеттілігін тасымалдау шығындарын өтеу арқылы мәселе шешіліп жатыр, — дейді Р.Зұлқашев.

Басқарма мәліметіне қарағанда, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының жеке қосалқы шаруашылықтарына барлығы 41,6 мың тонна мал азығын тасымалдау қажеттігі болды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттің резервінен 798,8 млн теңге қаражат бөлініп, олардың мал азығына қажеттілігін тасымалдау шығындары өтелуде.

Жәнібек ауданына Тасқала, Жаңақала және Ақжайықтан 22 722 рулон, Бөкей ордасына Бәйтерек, Теректі, Сырым және Тасқала аудандарынан 15 627 рулон шөп тасымалданды. Екі ауданға жалпы 38 349 рулон шөп жеткізілді. 

Бөкей ордасында 561 шаруа қожалығы бар

Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумовтың хабарлауынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, ірі қара малы өскенімен, қой мен ешкі, жылқы, түйе кеміген. Қазіргі жағдайға байланысты шаруашылықтар мал басын реттеп, азайтуда. 

мал азығы
Фото: Қайрат Насимуллин

Бөкей ордасы ауданы бойынша 561 шаруа қожалығы (190 мың бас) және 51,3 мың бас мал (ірі қара — 15 724, қой мен ешкі — 31 764, жылқы — 3 903) ұстайтын 1 403 аула бар.

Қыстаққа 188,1 мың тонна (шаруа қожалықтарына 151,8 мың тонна, жекелерге 36,3 мың тонна) мал азығы дайындалуы қажет болса, күні бүгін 164,5 мың тонна (87,5 пайыз) шөп дайындалған. Былтырдан қалған 3,4 мың тонна және басқа аудандардан тасылып жатқан 4,5 мың тонна шөпті есептегенде, 172,3 мың тоннаға немесе 91,6 пайызға жетіп отыр. 

— Қазіргі таңда шаруа қожалықтары шөп шабу жұмыстарын аяқтап қалды. Күні бүгін 332 шаруа қожалығы пішенмен толық қамтылған. 187 қожалық 80, 12-сі 30 пайыз шөп жинаған. Өкінішке қарай, биылғы жылы ауданымызда қуаңшылық орын алып, шөп дұрыс шықпай қалды. Оған қоса киіктердің көбейіп, шөпті таптауы да кедергілер келтіруде, — дейді Н.Даумов.

Осы орайда аудан басшысы облыс әкімінің қолдауымен Бөкей ордасында төтенше жағдай жарияланып, жеке қосалқы шаруашылықтарға және шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанына екпін түсірді. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз ету бағытында өзге аудандардан 18 194 рулон шөп тасымалданды.

мал азығы
Фото: Қайрат Насимуллин

Елді мекендердегі жеке қосалқы шаруашылықтарға мал азығын тасымалдау жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтсақ, Бисенге — 3 819 рулон, Ұялыға — 1 779 рулон, Бөрліге — 1 910 рулон, Мұратсайға — 3 205 рулон, Хан ордасына — 3 438 рулон, Сайқынға — 2 202 рулон, Саралжынға 1 841 рулон шөп келді. Жеке қосалқы шаруашылықтарға әлі де 6 574 рулон шөп керек. 

— Жеке қосалқы шаруашылықтарды жеммен қамтамасыз ету мақсатында ауданға 760 тонна жем қажет болса, күні бүгін соның 170 тоннасы тасымалданды. Таяу күндері қалған қажетті жем мөлшері тасымалданатын болады. Сондай-ақ облыстық бюджеттің резервінен бөлінген қаржы арқылы ауданның шаруа қожалықтарына мал азығын дайындауға шығындарын өтеу үшін 1 млрд 403 млн теңге көлемінде қаражат төленді. Қазіргі уақытта ауданымыздың жеке қосалқы шаруашылықтарына жем әкелу, қысқа қосымша шөп қорын ұйымдастыру бағытында қажетті шараларды қолға алып жатырмыз, — деді Н.Даумов.

мал азығы
Фото Қайрат Насимуллиннен

Мал баққан ағайынның айтары бар

Сайқын ауылдық округіндегі «Алина» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Қайрат Насимуллин басқа аудандардан жеткізілген 20 мың рулон шөптің малмен күн көріп отырған тұрғындарға берілгенін айтады.

— Әсіресе, үйінде 4-5 бас сиыр малын ұстайтын азаматтарға жақсы көмек болды. Бағасы қолжетімді — рулоны 6 мың теңгеден. Биыл бізге Тасқала, Бәйтерек, Сырым аудандары жақсы көмектесті. Тасымалдау мәселесінде мемлекеттік ұйымдар да қолдау көрсетті. 205 тонна жем де Батыс Қазақстандағы тұрақты бағасымен ауданға жеткізіліп, үлестіріліп жатыр. Кейбір шаруалар қаражат жетіспеушілігінен және басқа себеппен уақытылы қамданбай, қара күзге дейін күтіп жүреді. Жергілікті халық мүмкіндігі келгенше, жемшөпті алып жатыр. Біреулері ақша жинап, екіншілері мал сатып, қарызданып болса да, қыстың қамын жасауда. Ет бағасы арзандап кетті, малдың күйі орташа, Оралдағы «Кублей» кәсіпорнына тапсырып, соғымға саудаласып, амалдаудамыз. Шөп пен жемді тасымалдау әлі жалғасады. Биыл қыстан шығармыз-ау. Келесі жылы осы жағдай қайталанса, мұндай қолдау көрсетіле ме, оған да алаңдаймыз, — дейді Қ.Насимуллин.

мал азығы
Фото Қайрат Насимуллиннен

Бөкей ордасы ауданы Бөрлі ауылының тұрғыны, «Сисенғалиев Р.А.» шаруа қожалығының басшысы Исатай Сисенғалиев мал ұстап отырған ағайынның жағдайы жыл санап қиындап кеткені жөнінде пікір қосты.

— Қазіргі таңда шаруа қожалықтарының көпшілігі мал басын қысқартып жатыр. Жайылым, шабындық жерді киік отап кетті. Оның үстіне жаздай жаңбыр болмады, тек қарашада жауды. Жағдайдың қиындығынан ауылдан қалаға көшіп жатқандар баршылық. Бөрлі ауылында 30-35, көршілес Саралжында 55, Атырау облысының бізбен шектесетін Құрманғазы ауданы Балқұдық елді мекенінде 60-70 үй бос тұр. Осылайша, Ресеймен шекаралас ауылдар босап қалып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, не болмақшы? Біздің ауылда жас жігіттер тауы қайтқандықтан, шаруашылығын жауып, қалаға кетті, — дейді қожалық басшысы.

Оның айтуынша, Нарын құмында киікке қоса қасқыр да көбейген. Жуырда Көкқамыста тұратын тұрғынның қойына алты қасқыр шапқан.

— 2024 жылы Атырау облысында 2 075, Батыс Қазақстанда 100-ден астам қасқырды атуға рұқсат берілген. Неге олай? Қазір ит-құс қырлықта жоқ, негізінен Атырау облысынан Исатай, Махамбет, Индер, Құрманғазы және біздің аудан жайлап отырған Нарын құмында ғой. Қасқырды атуға заңды тіркелген мылтығы бар тұрғындарға неге рұқсат бермеске?! Киікті, қасқырды, итті атуға рұқсат жоқ. Киік басы ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп, 5-6 миллионға жетті. Қаңғыбас ит болса, мал өз алдына, балаларға шауып жатыр. Сонда олардың құны адам өмірінен артық па? — деп қынжылады И.Сисенғалиев.

мал азығы
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Осыған байланысты БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов мынадай түсінік берді.

— 2024 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша 108 қасқырға рұқсат беріліп отыр. Неге аз? деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл жерде киіктің өсуіне байланысты сәйкесінше қасқыр саны да азаймауы керек. Батыс Қазақстанда 2,3 млн киік тіркелсе, Атырау облысында әлдеқайда аз. Нағыз үй жануарларына шабуыл жасаған жағдайда (фото, бейнематериалдармен дәлелденген) қасқырды атуға рұқсат беріледі. Рұқсат беретін мекеме — орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, — деді Н.Рахымжанов.

Шаруаның айтуынша, фото-бейнематериалдармен дәлелдеу керек деген талапты қайта қарау керек.

— Қазіргі кезде ит-құстың бұзау, құлын, жабағыны жеп жатқаны өз алдына, ауылдың ішіне кіріп кетуде. Сонда қасқыр шапқан кезде кім фотоға, видеоға түсіріп жүреді? Олардың өзіне қауіп емес пе? Және жыртқыш күтіп тұрмайды ғой. Қысқасы, қасқыр көп. Сондықтан тиісті шаралар қолға алынуы тиіс, — деген уәжін келтірді И.Сисенғалиев.

мал азығы
Фото Қайрат Насимуллиннен

Жәнібек ауданының жағдайы қалай?

Облыс орталығынан шалғай, Ресеймен шекаралас орналасқан ауданның бірі — Жәнібек. 

Жәнібек аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев берген мәліметке қарағанда, қыстаққа кіретін 78 мың шартты мал басына 154 мың тонна, соның ішінде шаруа қожалықтарына 114 мың, жеке қосалқы шаруашылықтар үшін 40 мың тонна табиғи шөп қажет.

Аудан бойынша 644,8 мың га жер шабылып (орташа шығымдылығы — 1,7 центнер), 109,6 мың тонна мал азығы дайындалып отыр. Былтырдан қалған 473 тонна, басқа аудандардан тасылған шөп көлемі — 27,1 мың тонна. Бәрін қосқанда, 137,2 мың тонна болып, жоспардың 89 пайызына жеткен. 

— Қуаңшылық пен киік санының шектен тыс артуы салдарынан қажетті мал азығы қорын жасақтауда қиындықтар болды. Осыны еңсеру мақсатында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, мал шығынын болдырмау және оның алдын алу үшін облыстың шұғыл шығындарына арналған бюджет резервінен ауданымызға 1 млрд 256 млн теңге бөлінді. Күні бүгінге дейін төтенше жағдай режимі бойынша 9 ауылдық округте барлығы 78 техника жұмылдырылып, жеке тұрғындарға шөп тасымалданды. Осы кезеңде 23 946 рулон мал азығы жеткізілді. Тұрғындарға 1 рулон бағасы 5-6 мың теңгеден берілуде. Ақжайық, Тасқала аудандарынан мал азығын тасымалдау жұмыстары жыл соңына дейін жалғасатын болады, — деді Н.Әбдірешев.

жемшөп
Фото Қайрат Насимуллиннен

Оның айтуынша, жеке тұрғындарға жем де жеткізілуде. Бұл мақсатқа бюджеттен 26,2 млн теңге қарастырылды. Қазіргі таңда осыған жұмсалған шығындар құнын арзандату бойынша жеке кәсіпкер Арман Исқақов Орал қаласынан жемді тасымалдауда. 1 автокөлік тіркемесімен осы кезге дейін 489 тонна жем жеткізілді. Ауылдық округтер әкімдіктерінің ұйымдастыруымен бекітілген тізім бойынша ауыл тұрғындарына 1 тоннасы 70 мың теңгеден сатылуда.

— Қысқы кезеңге мал азығын жеткілікті даярладық. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Ол да біздер үшін жақсы көмек болды. Дегенмен мал азығын дайындау жылдан-жылға қиындап барады. Табиғи фактор да әсер етеді, киік көп, жылқы да аз емес. Енді екпе шөп екпесе, болмайын деп тұр. Ол үшін жерді қоршау керек, — дейді Тау ауылында тұратын «Сұңқар» шаруа қожалығының басшысы Таңат Сариев.

«Байсұлтан» шаруа қожалығының басшысы Эльдар Хамзин Ресеймен шекаралас Талов ауылында ата-анасымен және отбасымен тұрып жатқандығын жеткізді.

— Көктемде киік барлық шабындық және жайылым жерлерді отап кетті. Қазіргі таңда малдың аузына ілігетін шөп жоқтың қасы. Жазда тұрғындар шөп алу үшін малының жартысын сатты. Фермерлерден рулонын 9 мың, сосын 11 мың теңгеден сатып алды. Біздің өзіміз жаз бойы көршілес Казталов ауданындағы Қараоба, Қошанкөл ауылдарынан 7 мың теңгеден алып, өз күшімізбен трактормен тасымалдадық. Күні бүгін тұрғындар басқа аудандардан әкелінген шөпті кезек бойынша 6 мың теңгеден шектеулі көлемде 20 рулоннан алуда. Шаруа қожалығын құрып, жұмысын жаңа бастағандардың дені бәрін сатып, қалаға көшпек ниетте. Талов ауылында 177 үй болса, соның 50-і бос тұр. Соңғы кездің өзінде 10 отбасы көшіп кетті, — дейді Э.Хамзин. 

мал азығы шөп
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Міне, облыс шаруаларының қысқа дайындығы осындай. Мемлекет тарапынан көмек алғанымен, мәселелер толық шешілді деп айту қиын. Алдағы қыста ауа райы қандай болмақ, төрт түлік малдың қыстақтан аман шығуы соған да байланысты. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да төтенше жағдай жарияланған екі ауданға шөптің қалай жеткізілетінін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар