БҚО-да төтенше жағдай жарияланған екі ауданға шөп қалай жеткізіледі
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында алдағы мал қыстағына кіретін 1 млн 66 мың шартты мал басына 2 млн 23 мың тонна шөп, 233 мың тонна жем дайындау қажет.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, қосымша мал азығы ретінде 11 мың тонна сүрлем, 9 мың тонна пішендеме керек. Өткен жылдан қалған 148 мың тонна шөп қолда бар.
Жасұлан Жолдыбайұлының сөзіне қарағанда, облыс бойынша осы кезге дейін 2,8 млн гектар шабындық шабылып, қалдық пішенді қоса есептегенде, 1 млн 116,81 мың тонна шөп дайындалды, бұл – жалпы қажеттіліктің 55,2 пайызы. Өңірде әр гектардан орташа есеппен 3,4 центнерден өнім алынуда.
«Биылғы қуаңшылыққа байланысты Бөкей ордасы және Жәнібек ауданында төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Қазіргі таңда Бөкей ордасында қыстаққа қажетті 188,1 мың тоннаның 61,7 мыңы ғана немесе 32,8 пайызы дайындалған. Жәнібекте 153,6 мың тоннаның 51,4 мың тоннасы немесе 33,5 пайызы әзір. Аталған қос ауданда субсидия шаруа қожалықтарына аналық мал басына мал азығын дайындау үшін беріледі. Есептемелер бойынша Бөкей ордасы мен Жәнібекте 73,7 мың бас сиыр, 64,7 мың бас саулық қой және 30,9 мың бас биені қамту жоспарлануда. Қажетті қаражат көлемі – 2 млрд 132 млн теңге. Тиісті қаржы облыстық бюджеттік комиссиясында мақұлданып, жуырда өткен мәслихат сессиясында бекітілді», - дейді Ж.Халиуллин.
Басқарма басшысының айтуынша, бұдан бөлек, жеке қосалқы шаруашылықтардың мал азығына қажеттілігін тасымалдау шығындарын өтеу арқылы ұйымдастыру ойластырылуда. Аталған аудандарға жеке қосалқы шаруашылықтарға барлығы 41,6 мың тонна мал азығын тасымалдау қажет. Мал азығымен толық қамту үшін 798,8 млн теңге қаражат есептелді.
Оңтүстік аудандарды мал азығымен қамтамасыз ету үшін әр ауданға 10 мың рулон шөп дайындауға тапсырма берілсе, күні бүгін соның 40,5 мыңы әзір. Сол секілді облыстағы орман шаруашылығы мекемелері аталған аудандардың жеке қосалқы шаруашылықтарына жеткізілетін қажетті 1 мың рулон шөптің 560 рулонын әзірлеп үлгерді.
«Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының жеке қосалқы шаруашылықтары өңіріміздің солтүстік жағындағы 8 ауданында дайындалған шөп қорын тасымалдау арқылы қамтылатын болады. Мал азығын тасымалдаушылар мемлекеттік сатып алу қорытындысымен анықталады. Мал азығымен қамту мәселесін арнайы құрылған облыстық штаб бақылауда ұстап отыр», - дейді Ж.Халиуллин.
Батыс Қазақстанда киік мәселесі күйіп тұрғаны белгілі. Өкінішке қарай, мал азықтық және шабындық, жайылымдық жерлерді киіктен қорғауда электрондық бақташының тиімділігі болмай отыр. Сондықтан бірқатар шаруалар өз жерлерін темір тормен қоршауды қолға алған еді. Бұл тәжірибе анағұрлым тиімді екендігін көрсетті.
«Қоршалған жерлерді субсидиялау бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс берілді. Салалық министрлік тарапынан инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидасына сәйкес шығындарды 50 пайызға дейін ішінара өтеу бойынша өзгеріс енгізу шаралары қабылдануда. Қаржылық институттармен бірге төтенше жағдай жарияланған аумақта орналасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарына несие мен лизингтік келісім-шарттары бойынша пролонгация беру мәселесі де қарастырылып отыр», - деп түйіндеді ойын БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ж.Халиуллин.
Тағы бір мәселе, аталған аудандарға тасымалданған шөпті тұрғындарға әділ бөліп беру де маңызды.
«Төтенше жағдайға байланысты әрбір ауылдық округте комиссия құрылды. Сол комиссиялар ауыл тұрғындарының малын нақтылап, қанша пішен қажеттігін есептейді. Әйтпесе шөпті көп алып, артығын қожалықтарға сатып жіберу сияқтың жағдайдың орын алуы ықтимал. Міне, осының бәрін алдын алу бағытында комиссиялар жұмыстанатын болады», - деді Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қуаңшылыққа байланысты БҚО аудандарында төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз.