Батыс Қазақстанда жеке сот орындаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы жеке сот орындаушысының қызметінде заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті.

Батыс Қазақстанда жеке сот орындаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: pexels.com

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы жеке сот орындаушыларының қызметіне жүргізілген тексеру барысында атқарушылық іс жүргізу туралы заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады.

— Жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізу шеңберінде түскен ақшалай қаражатқа билік ету тәртібін бұзып, өндіріп алушыларға тиесілі 532 мың теңгені аудармаған, сондай-ақ 9,8 млн теңгені негізсіз үшінші тұлғаның шотына аударған, — делінген хабарламада.

Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 251-бабы («Жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін теріс пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Тергеп-тексеру барысы прокуратураның бақылауында. Тергеу нәтижелері бойынша қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, заңда көзделген шаралар қабылданатын болады.

Еске сала кетейік, жақында сот орындаушылар жұмысы туралы заң мақұлданды.