Борышкерді үйден шығаруға 10 күн беріледі: Сот орындаушылар жұмысы туралы заң мақұлданды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенат «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады. Сенатор Жанна Асанова заңдағы негізгі өзгерістерді атады.
Құжат азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге, сондай-ақ сот орындаушылардың кәсіби деңгейі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Ең алдымен, атқарушылық іс жүргізуде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында айыппұлдар мен салық берешектерін өндіріп алудың жеңілдетілген тәртібі кеңейтіледі. Ол үшін өндіріп алу шегі 20 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.
– Сот орындаушыларына борышкерлерді тұрғын үйден шығару туралы кемінде 10 күн бұрын хабарлау міндеті енгізіледі. Бұл оларға басқа баспана табуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл мерзімді сот орындаушысы өзі белгілейді және тұрғын үйден шығару туралы талап тіпті бір күн бұрын да берілуі мүмкін, – деді Сенат депутаты.
Атқарушылық құжатты орындауға беру мерзімі өтіп кетсе, оған байланысты қолданылған барлық мәжбүрлеп орындату шаралары автоматты түрде тоқтатылады. Ол үшін аумақтық әділет органы тиісті қаулы шығарады, жекеше сот орындаушыларының қатысуы талап етілмейді.
Мүгедектігі бар адамдарға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар мен жұмысынан айырылуына немесе еңбекке қабілеттілігін жоғалтуына байланысты әлеуметтік төлемдерден өндіріп алу мөлшері 25% аспайтын болып шектеледі.
Алиментті аудару үшін өндіріп алушы сот орындаушысына алимент түсетін банк шотының деректемелерін ұсынуға тиіс болады. Заңда аталған шотқа өндіріп алу шараларын қолдануға және оған тыйым салуға жол берілмейді деп белгіленеді.
– Екіншіден, жеке сот орындаушылардың қызметін бақылауды күшейту, олардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігін арттыру мақсатында заңнама мен Кәсіби әдеп кодексін білу деңгейін бағалайтын аттестаттау енгізіледі. Қайта аттестаттаудан өте алмаған жағдайда жеке сот орындаушының лицензиясы кері қайтарылады. Аттестаттау үш жылда бір рет өткізіледі. Сот орындаушылардың әрекеттері мен шешімдеріне шағымданудың сотқа дейінгі тәртібі белгіленеді, – деді Жанна Асанова.
Үшіншіден, атқарушылық іс жүргізуді одан әрі жетілдіру мақсатында тәркіленген мүлікті электронды сауда-саттық арқылы өткізу тәртібіне өзгерістер енеді. Яғни, аукцион өтпеген жағдайда өндіріп алушыға мүлікті сол қалпында өзіне қалдыру құқығы беріледі.
– Атқарушылық құжаттарды негізсіз басқа округке жіберуді болдырмау үшін оларды орынсыз жолдауға шектеу қойылады. Борышкер болған заңды тұлға басшысының тұрған жері белгісіз болған жағдайда оған іздеу жариялау мүмкіндігі енгізіледі. Өйткені тәжірибеде ұйымның да, оның басшысының да нақты қай жерде екені жиі белгісіз болып жатады, – деді Сенат депутаты.
Бұған дейін газ тұтыну нормаларын енгізу, артық пайдаланғандарға жоғарылатылған тариф қолдану, газ жеткізудегі делдалдарды қысқарту жөнінде заң жобасы мақұлданған еді.