Батысқазақстандық ғалымдар киік етінен шұжық жасап шығарды
ОРАЛ. KAZINFORM — Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің жас ғалымдары киік етінен шұжық жасауды қолға алды.

Жоба жетекшісі, «Тағам қауіпсіздігі» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент міндетін атқарушы Аян Оразовтың мәлім еткеніндей, киік етінен дайындалатын шұжық 30 пайыз құс етімен (үйрек пен қаз) араластырылады.
Аян Жарылқасынұлының сөзіне қарағанда, ең басты мақсат — өнімнің тұтынушылық қасиетін анықтап алу.
— Алдымен біз киік етінің сапалық көрсеткіштерін зерттеп, содан кейін қауіпсіздік көрсеткіштерін, яғни микробиологиялық қауіпсіздігін, құрамында қауіпті ішек таяқшасы, патогенді және шартты патогенді бактерияларының болмауын қатаң түрде бақыладық. Етті тағамдық мақсатта қолдануға жарамдылығы анықталғаннан кейін шұжыққа пайдаланылатын етті түрлі рецептуралармен дайындап көрдік. Солардың ішінен қажеттісін таңдап алдық, — дейді Аян Оразов.

Бүгінде жас ғалымдар киік етінен шұжық дайындау технологиясын жетілдіріп, дайын өнімді тексеріске жіберіп, сапалық көрсеткішін анықтау үшін жұмыс істеп жатыр. Терминалдық өңдеудің дұрыстығын қадағалап, дайын өнімнің адам денсаулығына кері әсері болмауы — басты назарда.
Университет оқытушысы, магистр Айдана Бекбосынова шұжықтың рецептурасын құрастыру барысында қайсысы ыңғайлы, қайсысы ұтымды екені толық зерделенгенін жеткізді.

— Тартылған етке тұз, бұрыш, сарымсақ секілді дәмдеуіштер қосылады. Зерттеу барысында киік етінің сөлі көп болатыны байқалды. Дайын өнім тоңазытқышта екі аптаға дейін сақталады, — дейді жас ғалым.
Ғылыми жұмыс жаңадан басталып жатқандықтан, ғалымдар дайын өнімнің сақталу шарттарын әлі де зерттеп көреді.

Шұжыққа қолданылатын шикізаттың барлығы да — табиғи өнімдер. Зертханаға киік ұшасы Жәңгір хан университетіне қарасты «Ақбөкен» тәлімбағынан әкелінеді. Бір киіктен 13-15 келі көлемінде ет алынады. Үйрек пен қаз білім ордасының оқу-ғылыми-өндірістік орталығында өсіріледі. Ал оларды зерттеу жұмыстары университеттің сынау орталығындағы зертханаларда жүргізіледі.
Жас ғалымдардың бұл бастамасына университет басшылығы қолдау білдіріп отыр. Қазіргі уақытта өнімнің артықшылығы, жаңашылдығы туралы шетелдік басылымдарға ғылыми мақала жариялап, отандық ғылымды танытуға ден қойылып отыр.
Жас ғалымдар барлық сұраныс қанағаттандырылса, өнімге өнертабыс патентін алып, нарыққа шығуды көздеп отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақ ғалымдары киікті арнайы тәлімбақта өсіріп, зерттеп жатқанын жазған едік.