Батыс Қазақстан облысының соты Тәуелсіздік мейрамын атап өтті

 ОРАЛ. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық сотында Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күні құрметіне салтанатты жиналыс болды.

Батыс Қазақстан облысының соты Тәуелсіздік мейрамын атап өтті

Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев жиналғандарды мерекемен құттықтаса, Орал қалалық №2 сотының төрайымы Маржангүл Ақбергенова баяндама жасады.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы соттарының төрағаларын, сот алқалары төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау мен қызметтен босату және судьяның орнынан түсуін тоқтату туралы» 2012 жылғы 6 желтоқсандағы Жарлығымен облыстық сотқа жаңадан тағайындалған судьялар - М. Бақтығұлов, А.Маштакова, Г.Миниус, осы Жарлықпен Теректі аудандық №2 сотына төраға болып тағайындалған Е.Османов, Орал қалалық сотына судья болып тағайындалған И.Ниязғалиев таныстырылды.

Лауазымдық міндерттерін үлгілі атқарып, қол жеткізген жоғары көрсеткіштері үшін бірқатар судьялар мен сот қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының марапаттаулары мен облыстық сот төрағасының құрмет грамоталары табыс етілді. Атап айтқанда, облыстық сот судьясы М.Жүнісов Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», Теректі аудандық сотының бас маманы Г.Құсанова, ІІ дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» медалімен марапатталса, Орал қалалық сотының судьясы И.Ниязғалиев, Орал қалалық сотының бас маманы М.Жәрдемова, облыстық сот кеңсесінің бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімінің бастығы И.Шүкірова, облыстық сот кеңсесі кадр жұмысы бөлімінің бастығы А.Оразғалиевалар ІІ дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісіне ие болды. Сот жүйесінің ардагерлеріне Қазақстан Республикасы Судьялар одағы облыстық бөлімшесінің сый-сыяпаттары жасалды.

Мереке құрметіне Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері концерт қойды.