Батыс Қазақстанда балалардың қоғамдық тыңдаулары өткізілмек
ОРАЛ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жыл сайын ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен Қазақстанның барлық аймақтарында балалардың қоғамдық тыңдаулары өтеді. Биылғы қоғамдық тыңдаулар тұңғыш Президент күніне орайластырылып отыр.
Облыстық балалар құқығын қорғау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш іс-шараның мақсаты - өскелең ұрпақтың әлеуметтік-құқықтық белсенділігін арттыру, азаматтық ұстанымын дамыту.
Қоғамдық тыңдауларға жобалардың авторы болып табылатын білім беру ұйымдарының оқушылары, жергілікті атқарушы және өзін-өзі басқарушы билік органдарының өкілдері, педагогтар, ата-аналар қатыса алады.
Батыс Қазақстан облысында тыңдаулар екі кезеңде - 1 желтоқсан мен 25 ақпан аралығында аудандық және 1 наурыз бен 10 сәуір аралығында қалалық кезеңде өтеді. Қоғамдық тыңдаулар Бөрлі ауданының Аксай қаласында өтетін облыстық «Балалық шақ құқығы» форумында қорытындыланады.