Батыс Қазақстанда қос бірдей дәрігерлік амбулатория ашылды

ОРАЛ. 10 қазан. ҚазАқпарат - Кеше Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы және Қазталовтың Қошанкөл ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ашылды.
None
None

Қос ауыл тұрғындарын осынау қуанышымен облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен құттықтап, Елбасы тапсырмаларына сәйкес халықтың өмір сүру деңгейін көтеру және сапалы медициналық қызмет көрсетуде мұндай қазіргі заманғы нысандардың маңызы зор екендігін атап өтті.

Хан ордасындағы дәрігерлік амбулатория ауысымына 35 адамды қабылдай алады, ол 4 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетпек. Кардиологиялық, гинекологиялық және фтизиотерапиялық кабинеттер, сондай-ақ зертханасы бар амбулаторияда жалпы тәжірибедегі 1 дәрігер және педиатр еңбек етпек.

Жалпы, 1826 жылы Жәңгір ханның ставкасы ретінде бой көтерген Хан ордасында дәрігерлік те жақсы дамыды. 1826 жылы бөкейліктерге шешекке қарсы алғашқы егу шарасы басталса, 1833 жылдан штабс-лекарь, Қазан медициналық университетінің түлегі А.А.Сергачев хан сарайында қызмет істеген. Дәрігер Евланов 1845 жылы шілде айында төрт төсектік бейресми аурухана ашты. Ал 1852 жылы ресми түрде 25 төсектік қоғамдық аурухана кешені пайдалануға берілді. Бүгінде ол ғимарат тарихи-мәдени ескерткіш ретінде тіркелген. Оны енді денсаулық сақтау мұражайына айналдыру көзделуде. Ал ауыл адамдары жаңа нысанда қаралатын болады.

Сол секілді Қошанкөл ауылының тұрғындары да дер кезінде дәрігерге қарала алады. Мұнда ем-шара, стоматология кабинеті, 2 төсектік күндізгі стационар, зертхана мен дәріхана қызмет көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар