Батысқазақстандық құтқарушылар Шалқар көлінде ығып кеткен үш мәскеулікті аман-есен жағаға алып шықты

Облыстық суда құтқару қызметінің бастығы Бисенбай Жексеновтің мәлім еткеніндей, Мәскеуден сол күні төрт адам Шалқарға демалуға келеді. Бұлардың біреуі машинада ұйықтап қалады да, оның қызы, 1981 жылғы әйел мен 34 және 48 жасар екі ер адам жағада тұрған ескі темір қайықпен балық ауламақ болады. Оның бір ескегі сынық екен, көп ұзамай екіншісі де істен шығады. Қатты желдің кесірінен үшеу мінген қайық ығып, жағадан алыстап кетеді. Бұл хабар құтқарушыларға жетеді, олар сол бойда қайықтарына мініп, оқиға орнына барынша шұғыл жетеді. Сөйтіп ескі қайықта қалтырап-дірілдеп отырған мәскеулік «қонақтарды» жағаға алып шығады. Абырой болғанда, олар қайықта отыра берген, өз беттерімен суға секіруге, жүзуге тырыспаған.
Құтқарушылар Нұрлан Жолақов пен Олег Никифоров осындай ерлігімен бұдан бұрын да көзге түскен. Н.Жолақов 2010 жылы, О.Никифоров өңірде сут тасқыны болатын 2011 жылы «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталған. «Қос құтқарушыны ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне тағы да марапатқа ұсынып жатырмыз», деді Б.Жексенов.