Батысқазақстандық университет Тәуелсіздік күніне орай қайырымдылық шарасын ұйымдастырды
ОРАЛ. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше, 14 желтоқсан күні Тәуелсіздік мерекесіне орай Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Оралдағы балалар үйлерінде «Еліміздің болашағы - жастар» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Университеттен Айнұр Базарованың хабарлағанындай, шараның басты мақсаты - түрлі себептермен ата-анасыз қалып, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балдырғандарды қамқорлау, олардың алақан жылуын сезініп, ештеңеден тайсалмай, толыққанды азамат болып өсуіне жағдай жасау.
Алғаш облыстық балалар үйіне ат басын бұрған университет ұжымы балапандарға сыйлықтар үлестіріп, ерекше көңіл-күйге бөлеп қайтты. Кейін жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №15 облыстық көмекші мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне де сыйлықтарын үлестіріп, тәрбиешілердің алғыстарына бөленсе, облыстық мамандандырылған «Мейірім» балалар үйінде де сәбилерге қажетті заттар таратылды.
Жалпы сомасы 500 мың теңгеге сәбилер тамағы, ойыншықтар, жеміс-жидектер, кондитерлік өнімдер, кішкене бөбектерге алғашқы қажетті заттар алынды.
Университеттің өнерпаз ұжымы дайындаған концерттік бағдарлама қойылып, бүлдіршіндердің ықыласына бөленді.
Аталған шара алдағы уақытта та өз жалғасын табатын болады.