Батысқазақстандықтар республикалық «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз» байқауынан табыспен оралды
ОРАЛ. 28 қазан. ҚазАқпарат - Батысқазақстандықтар Астана қаласында өткен республикалық «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз» байқауынан табыспен оралды.
Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында алғаш рет ұйымдастырылған байқаудың республикалық кезеңіне он аталым бойынша барлығы 400 жұмыс іріктеліп алынған болатын. Солардың арасынан батысқазақстандықтар бес бірдей жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 5- курс студенті Мейрамгүл Ғалиева «Үздік студент» аталымынан бірінші орынды иеленді. Мүгедек балаларға арналған Көшім балалар үйінің тәрбиеленушісі Сергей Ионов («Жасампаз» бойынша) пен облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған арнайы мектепте оқитын Жібек Камалиева «Ақылдылар» аталымынан екінші, оралдық Гүлбаршын Тілеуғалиева «Алтын қаламнан», Сырым ауданынан Ришат Жылқайдаров «Үздік әлеуметтік жобадан» үшінші жүлдені еншіледі.
БҚО мүгедектер қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжановтың айтуынша, облыстық кезеңге 600-ден астам үміткер қатысса, соның 27-сі елордаға жолдама алған болатын. Байқауға қатысушылар өздерін жақсы қырынан көрсетіп, ерекше әсермен оралды.