Батысқазақстандықтар Тәуелсіздік мейрамын кең көлемде атап өтті

ОРАЛ. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - Еліміздің ең ұлық мерекесі - Тәуелсіздік мейрамы Батыс Қазақстан облысында да кеңінен аталып өтілді.

Батысқазақстандықтар Тәуелсіздік мейрамын кең көлемде атап өтті

Кеше Тәуелсіздік күніне орай Оралдағы жабық мұз айдыны сарайында мерекелік концерт қойылды.

Ақ Жайық жұртшылығын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, Тәуелсіздік бар игілігіміздің бастауы, ет жүрегі Отан деп соққан әр адам үшін, қасиетті мереке екендігін атап өтті.

Егемендік жолында бабаларымыздың төккен қаны мен тері текке кетпей, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында әлем картасында тұңғыш рет Қазақстан деген тәуелсіз мемлекет шаңырақ көтерді. Көлемі жағынан дүние жүзіндегі тоғызыншы орында тұрған кең байтақ жеріміздің кең жайлауы малға толса, ен қойнауы кенге тұнып жатыр. Осы қазыналы жер - халқымыздың құтты мекені. Мұндай тарихи сәтті көру - бір бақыт, оған қызмет жасау - асқан абырой. Еліміздің абыройын асырып, мерейін тасытқан - ел тәуелсіздігі. Сондықтан Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ.

Мерекелік концертте Ақ Жайықтың танымал әнші-бишілері, көркемөнерпаздар ұжымдары айшықты өнерлерін көрсетіп, жиналғандарға айрықша қуаныш сыйлады.

Тәуелсіздік күніне орай Орал қаласы мен облыс аудандарында түрлі шаралар ұйымдастырылып, жаңа нысандар ашылды.