Баянауыл ұлттық паркінде орман өрті шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысындағы «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орман өрті тіркелді.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт 9 шілде күні сағат 11:50–де Жасыбай орманшылығы аумағында шыққан. Өрт туралы хабарлама түскеннен кейін сағат 12:19–да сөндіру жұмыстары басталды. Оқиға орнына алғаш болып «Қазавиаорманқорғау» әуе өрт сөндіру қызметінің екі десантшысы жеткен.
— Қазіргі уақытта тілсіз жаумен күреске ұлттық парктің мемлекеттік орман күзетінің 22 қызметкері, екі өрт сөндіру көлігі, үш шағын орман өртін сөндіру кешені, Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылған. Сондай-ақ «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының тікұшағы мен алты әуе өрт сөндіру десантшысы жұмыс істеп жатыр, — делінген хабарламада.
Өрттің таулы, жартасты әрі техника жетуі қиын аумақта шығуына байланысты Семей қаласынан І класты тікұшақ қосымша жіберілді. Сонымен қатар ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің тағы бір тікұшағы ұшуға дайындалып жатыр.
Жауапты мекемелердің мәліметінше, қазіргі уақытта жағдай толық бақылауда.
Еске салайық, кеше, 2026 жылғы 8 шілдеде елімізде 10 орман өрті тіркелгенін хабарлағанбыз.