Баянауылдағы Торайғыр көлі ашық аспан астындағы мұз айдынына айналып келеді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -  Желіде Торайғыр көлінің қысқы көрінісі туралы бейнежазбалар тарап жатыр. Адамдар табиғаттың әсем қойнауындағы көл үстінде коньки теуіп, алған әсерін бөлісіп жатыр.

Торайғыр көлі
Фото: kk.wikipedia.org

Баянауылдағы Торайғыр көлі қысқы серуенді ұнататындар үшін ашық аспан астындағы мұз айдыны ретінде таптырмас орынға айналып отыр. Су бетіндегі мұз біркелкі қатқаны соншалық, оған барып коньки тебуден ләззат алғандар өздерінің әсері жайлы әлеуметтік желіде жарыса жариялап жатыр. Мұндағы мұз өте берік әрі мөлдір.

Торайғыр көлі – Жасыбай демалыс аймағына жақын жерде, әйгілі демократ ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесі жанында орналасқан. Жазда көл суы биік құзды шыңдардың түбінен толқындана жарыса шығып, жағаға соғылады. Түстік жиегінде үшкір басты биік шың Найзатас тұр. Ақтар қазаққа қысымшылық көрсеткен таршылық заманда бұл шыңның қатпар тастары арасына Сәкен Сейфуллин жасырынып, аман қалған. Көлдің бір шетінде ашық беті суға қараған Үңгіртас үңірейеді.

Торайғырда табиғаттың ғылыми индикаторы - Қызыл кітапқа енген қандыағаш өседі. 

Сондай-ақ бұған дейін Баянауылда қысқы туризм ашылғаны туралы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар