Табиғаттың ғылыми индикаторы: Қызыл кітапқа енген қандыағаш туралы не білеміз
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қандыағашты парк қызметкерлері ғылыми индикатор ретінде пайдаланады. Жазғытұрым төменнен жоғары қарай гүлдесе, жаздың сулы, жаңбырлы болатынын білдіреді. Ал керісінше, жоғарыдан төмен қарай көктесе, алдағы жазда қуаңшылық күтіп тұрғанын болжай беруге болады.
Сұлтанмахмұт ақынның балалық шағы өткен Торайғыр жері кереметтей әсем өлке. Келушілердің көзін арбаған Баянауылдың тұмса табиғатының бір бөлшегі саналатын мұнда қара қандыағаш деп аталатын ерекше ағаш өседі. Қандыағаш — бұлақ бойын жағалай бітетін, сазды жерді, кермек суды жақтырмайтын, «Қызыл кітапқа» енген өсімдік.
Ертеде ата-бабамыз қандыағаш таласа өскен тау баурайларында бұлақ барын білген. Негізі Қазақстанда қандыағаш Баянауыл мен Қарқаралының таулы-орманды алқаптарында, Ерейментау тауларында, Елек өзені жағалауында, сондай-ақ Қостанай облысындағы Құсмұрын маңында кездеседі, дейді жер жағдайын жақсы білетіндер. Баянауыл тауларындағы бұл ағаштың түрі қанды қандыағаш типіне жатады.
Торайғырдағы қандыағаш тоғайы — өте көрікті мекен. Дәл жанынан мөлдіреп Әулиебұлақтың суы ағып жатыр. Бұл жерде жазда ат шалдырып, тынығатындар, тоғай ішінде күрке тігіп, серуен құратындар көп. Тоғай ішіндегі жасыл алаңқайларға топ-тобымен туристер ағылып, ыстықта сая табады.
Баянауыл ұлттық табиғи паркінің инспекторы, белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрманов қандыағаш топырақ минералы мол, суы тұщы жерлерді таңдайтынын айтады. Өсімдіктің бір ерекшелігі, күздігүні жапырағы мүлде сарғаймайды. Қарашаның қара суығында жапырағы жасыл күйінде үзіліп, жалаңаштанады.
«Қандыағашты парк қызметкерлері ғылыми индикатор ретінде пайдаланамыз. Жазғытұрым төменнен жоғары қарай гүлдесе, жаздың сулы, жаңбырлы болатынын білдіреді. Ал керісінше, жоғарыдан төмен қарай көктесе, алдағы жазда қуаңшылық күтіп тұрғанын болжай беруге болады. Тағы бір кереметі, қанды қандыағаштың жапырағына құрт түссе, айналасындағы өсімдіктерге де құрт түскенін білеміз. Ол құрамында химиялық зат бар қоспалармен емделмейді, тек биологиялық тұрғыдан сауықтыру шаралары жүргізіледі. Ол үшін құмырсқаның илеуін күрекпен төрт бөліп, бір бөлігін қандыағаштың түбіне апарып тастаймыз. Құмырсқалар ағашқа өрмелейді де, өсімдіктің бойындағы барлық жыбырлаған құрттарды жеп қояды», — дейді өлкетанушы.
Қанды қандыағаштар кемі 150 жыл тіршілік етеді. Баянауыл тауларының көбіне теріскей жағына біткен өсімдік тоғайларына қарап, бұл аумақтарда бұлақтардың мол қоры бар екенін болжауға болатындай. Жергілікті өлкетанушылар мұқият зерделеуге лайықты ботаникалық-географиялық құбылыс деп атап отыр.
Ұлттық парктің ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы Динара Күншуақованың сөзінше, Баянауыл ауданындағы қандыағаш тоғайларының жалпы аумағы — 428 гектар. Ол көрікті өлкедегі жалпы орман алқаптарының 2,3 пайызын алып жатыр.
«Ағаштың негізгі шоғырлары Торайғыр көлінің жағасында, Еспе өзенінің сағасы мен Кемпіртас қуысында өседі. Бұл қайың тұқымдаc ағаштар мен бұташықтар тұқымдастығына жататын ежелгі реликті өcімдіктердің бірі. Баянауылда қандыағаштың екі негізгі түр-бірлестігін көруге болады: папоротникті-қарақатты және түрлі шөпті-бұталы. Жабыcқақ қандыағаштан баcқа бұл жерлерде қайың, тал, кәдімгі мойыл, бұталар мен шөптерден кәдімгі таңқурай, қарақат, құлмақ туысы, қауырсын папоротник туысы, кәдімгі шытырлақ кездеседі. Адами факторлардың әсерінен жыл өткен сайын сирек өсімдікке қауіп зорайып келеді. Жайылымға шыққан ірі қара малдар да көп зиянын тигізеді. Бұған қоса соңғы жылдары жер асты суларының деңгейі мен ағымы күрт төмендеп, жабыcқақ қандыағаш қауымдастығы деградацияға ұшырауда», — дейді ол.
Ағаш саңырауқұлағы (ағашқұлақтар) мен T.tosquinetti саңырауқұлағы бұл ағаштарды жиі зақымдайды екен. Зиянкестер түскенде жапырақтары толқын тәріздеc және cұр дақтармен жабылады. Мамандар бұл жағдайда өңдеу шараларын жүргізіп, аурудың таралып кетпеуі үшін іс-шаралар қабылдайды.