Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Байқоңыр қаласында құны 161 млн теңгені құрайтын мүлік мемлекетке қайтарылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Байқоңыр қаласының прокуратурасымен мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізілді, деп хабарлайды Қызылорда облысының прокуратурасы.

Байқоңыр
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Талдау барысында 2024-2025 жылдары мемлекеттік меншіктегі 9 нысан бірқатар міндетті талаптарды орындау шартымен сенімгерлік басқаруға берілгені анықталды.

Атап айтқанда, сенімгерлік басқарушылар нысандарда бір жыл ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге, азаматтарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, белгіленген мерзімдерде есептер ұсынуға, сондай-ақ мүлікті нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға міндеттенген.

Алайда баланс ұстаушы («Ғарыш-Инфрақұрылым» КММ) тарапынан бұзушылықтарды жою туралы бірнеше мәрте талаптар мен ескертулер берілгеніне қарамастан, сенімгерлік басқарушылар өздеріне алған міндеттемелерді орындамаған және шарт талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген. Аталған мән-жайлар мүлікті мемлекетке қайтаруға негіз болады.

Байқоңыр қаласы прокуратурасының ұсынуымен жалпы құны 161 млн теңгені құрайтын 5 нысан бойынша мүлікті кейіннен сатып алу құқығымен жасалған сенімгерлік басқару шарттары біржақты тәртіппен бұзылып, мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.

-Мемлекет мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып,Байқоңыр қаласының прокуратурасының тұрақты бақылауында болады,-делінген Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Осыған дейін Ресейдің жалдауынан шығарылған нысандар Байқоңырдың туристік бағыттарына қосылғаны туралы жаздық.