Байқоңырдағы әрбір зымыран ұшырылымына 2 мыңнан астам турист келеді – вице-министр
АСТАНА. KAZINFORM – Байқоңыр ғарыш айлағында туризмді дамыту жоспары туралы Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтып берді.

- Бүгін зымыран ұшырылымы өтті. Әрбір зымыран ұшырылымына 2 мыңнан астам турист келеді. Баршаға мәлім, Байқоңыр ғарыш айлағының аумағы Ресей Федерациясының басқаруында. Зымыран ұшырылымына келетін барлық турист арнайы қауіпсіздік рәсімдерінен өтеді, жалпы жылына он шақты ұшырылым болады. Байқоңыр ғарыш айлағы мен жалпы аталған өңір үшін басты мәселе – жатын орындардың жеткіліксіздігі. Сондықтан зымыран ұшырылымы кезінде барлық қонақ үй лық толады. Тіпті қонақүйлердің көбін зымыранды ұшыруға қатысатын техникалық қызметкерлер иеленеді, - деді Ержан Еркінбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Осылайша Байқоңыр қаласында туристерге аз орын қалады.
- Бұл мәселеге қатысты нақты жоспар бар. Біз зымырандар ұшырылмайтын аралық кезеңді де туризмге айналдырғымыз келеді, себебі сол кезеңнің нысандары туристер үшін ерекше астрофизикалық құндылыққа ие. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған туризмді дамытуға болады, өйткені қазақ халқы үшін ғарыш саласы мен астрофизика тарихи тұрғыдан жақын. Осындай бірегей ғарыш айлағының біздің жерімізде орналасуы, сөзсіз туризм үшін өте құнды нысан, - дейді ол.
Айта кетсек, бүгін Астана уақыты бойынша сағат 10:47-де «Байқоңыр» ғарыш айлағының 31-ші алаңынан «Союз МС-27» басқарылатын көлік ғарыш кемесі бар «Союз 2.1» зымыран тасығышының ұшырылымы өтті.
Байқоңырдан тікелей репортаж жүргізушілердің айтуынша, ғарышкерлер өздерін жақсы сезінеді. Байқоңырдан алдағы ұшыру Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналады.