Байқоңыр 55 жылдық мерейтойына дайындалуда

БАЙҚОҢЫР. Мамырдың 31-і. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - «Байқоңыр» ғарыш кешені маусымның 2-і күні негізі қаланғаннан бергі 55 жылдық мекересін қарсы алады.
None
None

Мерекелік шаралар маусымның 1-інен басталады. Осы күні қаланың еңбек ұжымдарында ғарыш саласының ардагерлерімен кездесу болады, «Сатурн» киноконцерт залында Байқоңыр мерейтойына арналған жалпықалалық салтанатты жиын өтеді.

Маусымның 2-і күні таңертең қала тұрғындары мен қонақтары, мерекеге келген ардагерлер ракета-ғарыштық техникасын сынау кезінде қаза тапқан сынаушы-жауынгерлердің мемориалына гүлдестерін қойып, ғарыш айлағының алғашқы қызметкерлерін еске алады. Содан кейін қалалық стадионда Қала және ғарыш айлағы күнінің басты оқиғасы - «Байқоңыр қаласының құрметті тұрғыны» атағын беру рәсімі басталады, бұл рәсім ардагерлер мен «Байқоңыр» еңбек ұжымдарының шеруімен және мерекелік театрланған қойылымдармен аяқталады.

Сол күні мерекеге келген Байқоңыр қаласының ардагерлері ғарыш айлағының алғашқы кешендерін аралайды, ал футбол жанкүйерлері Байқоңыр және мәскеулік «Спартак» ардагерлер командаларының бірегей ойынын тамашалай алады.

Кешкісін қаланың басты алаңында мерекелік концерт болады. Қала күнінің мерейтойлық бағдарламасында ресейлік арулар арасынан «Байқоңыр көркі», ал қазақстандық арулар арасынан «Байқоңыр жұлдызы» анықталатын 7 аймақтық сұлулық байқауы өтеді. Байқоңырдың 55 жылдық мерейтойының құрметіне мерекелік отшашу болады.

Осы айтулы күнге арналған мерекелік шаралар маусымның 4-і күні аяқталады. Қала және ғарыш айлағының тұрғындары мен қонақтары Байқоңырдағы Қызылорда қаласы күнінің қатысушылары мен көрермендері болады.

Соңғы жаңалықтар