Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыраны биыл үшінші мәрте ұшырылмақ
Ракета ғарышқа қазақстандық үшінші «ҚазСат-3» байланыс жер серігі мен ресейлік «Луч» ретранслятор жер серігін шығарады.
«Луч-5В» аппараты «Луч» көпфункционалды ғарыш жүйесі ретрансляциясының үшінші спутнигі. Ол Ресейдің 2006-2015 жылдарға арналған федералдық ғарыштық бағдарламасының аясында құрылады.
«Луч» ретрансляциясы жүйесі Халықаралық ғарыш стансасының ресейлік сегментін, төменгі орбиталық ғарыш аппараттары мен зымыран-тасығыштардың, жер бетіндегі стансалары бар блоктардың байланысын қамтамасыз етуге арналған. «ҚазСат-3» телекоммуникациялық ғарыш аппараты Қазақстан мен онымен іргелес елдер аумағында байланыс, телехабар тарату және интернет жүйесіне жоғары жылдамдықпен қосылуды қамтамасыз етуге арналған.
Спутник «Ғарыштық байланыстың республикалық орталығы» АҚ-мен келісімшарт бойынша Қазақстан Республикасының байланыс және хабар тарату ұлттық ғарыш жүйесін құру жобасының аясында өңделіп, дайындалған.
Айта кетейік, «ҚазСат»-тың алғашқы екі жер серігі де «Протон» зымыранының көмегімен 2006 және 2011 жылдары осылайша іске қосылған еді.