Байқоңырда Елбасының жүлдесі үшін өткен халықтық спорт ойындары мәреге жетті
Аталмыш сайысқа Байқоңыр, Қызылорда қалалары мен аудандардан 1000-ға жуық спортшы қатысып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға өз үлестерін қосты. Спорт ойындары Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Байқоңыр қалалық мәдениет жастар саясаты, туризм және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді. Спорт ойындарының қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Қызылорда қаласының спортшылары - бірінші, Байқоңыр қаласы - екінші, ал Жаңақорған ауданы үшінші орынға ие болды, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Аталмыш дода спорттың 9 түрі бойынша өтті. Спорт түрлері бойынша қазақ күресінен әйелдер арасында Ақбота Мұратова (55 келі, Байқоңыр қ.), Ақерке Келдіғұл (65 келі, Шиелі), Мереке Құдайбергенова (75 келі, Жаңақорған), Әйгерім Жалғасова (+75 келі, Қызылорда қ.), ерлер арасында Бауыржан Райсов (55 келі, Қармақшы), Дархан Сержанов (60 келі, Байқоңыр қ.), Қайрат Жалғасбаев (70 келі, Қызылорда қ.), Алмат Тайбағаров (80 келі, Қармақшы), Мақсат Исақабылов (90 келі, Қызылорда қ.), Марат Баймаханов (+90 келі, Қармақшы), абсолюттік салмақта қызылордалық Жасұлан Досымов топ жарды. Командалық есепте Қызылорда қаласының командасы бірінші орынға ие болып, жүлделі орындарды Қармақшы және Шиелі ауданының спортшылары өзара бөлісті.
Тоғызқұмалақ ерлер мен әйелдер арасында швейцар жүйесі бойынша 7 турда өткізілді. Ерлер арасында Таңатар Үбісұлтановтың мерейі үстем болса, әйелдер арасында Қырмызы Секина бірінші орынды (екеуі де Қызылорда қ.) иеленді. Командалық есепте 21,5 ұпаймен Қызылорда қаласы үздік шығып, Шиелі және Сырдария аудандары жүлделі орындарға ілікті.
Президенттік көпсайыстан Қызылорда қаласының командасы озық шықты. Қармақшы ауданының командасы екінші орын алса, Жалағаш - үшінші орынды иеленді.
Асық ату ойынынан Арал ауданының спортшылары 4 мин. 18 асық жинап, жеңімпаз атанды. Қызылорда қаласының спортшылары 5 мин. 16 асықпен екінші орынды, осындай уақытпен Жалағаш ауданы 13 асық жинап қола жүлдені еншіледі. Сонымен қатар, асықты шиырып атудың мергендері де анықталды. Олар: Азамат Кабелов (Арал ауданы), Төлеген Өтегенов (Жалағаш ауданы) және Жанат Мұратова (Қызылорда қ.).
Үстел теннисінде ерлер арасында Байқоңыр қаласының командасы бірінші орынға ие болды. Қызылорда қаласы және Сырдария ауданының командалары - жүлделі орындарда. Әйелдер арасында Қызылорда қаласы 1-орынды, Байқоңыр қаласы 2-орын, Жалағаш ауданы 3-орынды иеленді. Волейбол алаңындағы тартыста Қызылорда қаласының қыздары алда болды. Ал ерлер арасында Жаңақорған ауданы топ жарды. Шағын футбол бәсекесінде финалда Байқоңыр қаласының командасы мен Шиелі ауданының командасы кездесіп, 2:1 есебімен байқоңырлықтар бас бәйгені еншіледі. Жаңақорған ауданы үшінші орыннан көрінді. Гір көтеруде Қызылорда қаласының білекті жігіттері - бірінші, ал Қармақшы ауданы - екінші, Арал ауданы үшінші орынға орналасты.
Қол күресте Жаңақорған ауданы жеңіске жетіп, Байқоңыр мен Қармақшы ауданы одан кейінгі орындарды иеленді. Жеңімпаз және жүлдегер командалар облыстық дене шынықтыру және спорт басқарамасының диплом, кубок және естелік сыйлықтарымен марапатталды. Ойындарда жеңіске жеткен командалар қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысында болатын республикалық халықтық спорт ойындарында Сыр өңірінің намысын қорғайды.