«Бәйтерек» холдингі мемлекеттік жобаларға 1 трлн теңге қаржы бөледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы министрі Мәди Такиев еліміздің алдағы жылға шығыс көлемі мен бағытын ажыратып берді.

— Өңірлердің дамуына тікелей әсер ететін жалпы мемлекеттік жобаларға, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы арқылы 1 трлн теңге мөлшерінде қаражат бөлу жоспарланып отыр. Әлеуметтік сала бойынша шығыс 10 трлн 725 млрд теңгені құрады. Әлеуметтік төлемді 10%-ға индекстеу (инфляцияның орташа деңгейі) және зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың 288 мың адамға өскенін ескерген жөн. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын есептеу үшін, медианалық жалақы қолданылды. Сонымен қатар, стипендияны көтеруге, білім алушылар контингентін 19 392 адамға ұлғайтуға жұмсалатын шығыс та бар, — деді Мәди Такиев Үкімет отырысында.
Одан әрі Қаржы министрі экономиканың нақты секторын қолдауға арналған шығысқа тоқталды.
— 2026 жылы бағыттағы шығыс 3 трлн 626 млрд теңгені құрап, өндірісті, экспортты және кәсіпкерлікті ынталандыру шарасын кеңейту есебінен қамтамасыз етіледі. Аграрлық өнеркәсіптік кешенге, субсидиялау, сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуды қоса алғанда, 732 млрд теңге қарастырылған. Қаражат азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және саланы технологиялық жаңартуға бағытталады, — дейді ведомство басшысы.
Бұған дейін Қаржы министрі 2026 жылы бюджет шығысы 2 трлн теңгеге ұлғаятынын және оның себебін түсіндірген еді.
Айта кетсек, Үкімет басшысы мемлекеттік бюджет шығынын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеп отыр.