Базалық мөлшерлеме бойынша 2026 жылға арналған шешімдер кестесі бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық банкі 2026 жылы базалық мөлшерлеме бойынша қабылданатын шешімдердің күнтізбесін бекітті.
Келесі жылы базалық мөлшерлеме жөнінде 8 шешім қабылдау жоспарланған, оның төртеуі болжам раундының нәтижелері негізінде айқындалады.
Ұлттық банктің мәліметінше, базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер аптаның соңғы жұмыс күнінде Астана уақытымен 12:00-де жарияланады және келесі аптаның бірінші жұмыс күнінен бастап күшіне енеді.
2026 жылы базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер мына күндері жарияланады:
• 23 қаңтар
• 6 наурыз
• 24 сәуір
• 5 маусым
• 24 шілде
• 4 қыркүйек
• 23 қазан
• 4 желтоқсан
Ұлттық банк шешімдері елдің ақша-кредит саясатының негізгі бағытын айқындайтындықтан, қаржы нарығы үшін маңызды бағдар саналады.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2026 жылдың ортасына дейін төмендетпейтіні хабарланған болатын.